Депутаттар ескі құбырлардың есебін талап етеді

294
Депутаттар ескі құбырлардың есебін талап етеді

Шымкент қалалық мәслихаттың уақытша комиссиясы кезекті отырысын өткізді. Құрамында 9 депутаты бар комиссия шаһардағы шұғыл түрде шешуді қажет ететін төрт мәселені талқылады. Олар – Тоғыс тұрғын алабындағы кәріз жүйесі, қалалық спорт бөліміне бөлінген 231 миллион теңгенің мақсатты жұмсалуы, жол жөндеу жұмыстарына қажетті материалдардың сапасы және Байтұрсынов көшесіндегі жылу жүйелерін алмастыру мәселелері еді. Бұл тұста депутаттардың наразылығын тудырған жайттар да бар.

Жоспар бойынша биыл Ахмет Байтұрсынов көшесі қайта құрудан өткізіліп, жол кеңейтілуі тиіс болатын. Алайда шаһар басшылары бірінші кезекте жол астындағы жылу құбырларын жаңартып алуды дұрыс деп шешкен. Әрине, бұл шешімді депутаттар қолдады. Бірақ құрылыс мерзімінде аяқталсын деген талаптарын қойды.

Комиссия мүшелерінің екінші талабы да маңызды. Ол – жер астынан шыққан ескі құбырлардың қайда жұмсалғаны туралы ақпаратты ашық беру. Себебі өткен жылы қазылып алынған жылу құбырларының қайда кеткенін шенеуніктер қағаз жүзінде дәлелдеп бере алмады. Ал ол мәселе депутаттардың наразылығын туғызды.

Мәслихат депутаттары 2008 жылы шетелден әкелінген қымбат автотұрақ құрылымдарының мәселесін де қайта еске түсірді. Ол жабдықтар жарамсыз деп танылып, жойылды деген мәліметке күдікпен қарады.

Жиынның қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер комиссияның қатаң бақылауында болатыны айтылды. Әсіресе, қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов жауап беретін тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің жұмысы егжей-тегжей сарапталатыны айтылып, тарқасты.

Нұрлан Күдерұлы