Депутаттар Төлеби ауданының шаруаларымен кездесті

452
Депутаттап Төлеби ауданының шаруаларымен кездесті

Депутаттар ауыл аралап жүр. Ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді анықтау мақсатында облыс мәслихатының депутаттары Төлеби ауданының халқымен кездесті. Жылыжайды кәсіп еткен азаматтар көмірге қатысты былтыр және биыл туындаған қиындықтарды көтерсе, бірқатар шаруалар коммуналды қызметтің тарифтерін қымбаттатуды әдетке айналдырған монополистердің тәбетін ауыздықтауға халық қалаулыларынан көмек сұрады. Облыс мәслихатындағы аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі комиссиясының көшпелі мәжілісі Төлеби ауданында өткен еді.

Кәсіпкерлікпен айналысатын ауылдағы ағайын шаруашылықты жүргізу қиын болып кетті деп ашынуда. Заңды тұлғалар үшін су, электр жарығы мен табиғи газ тарифінің қымбаттауы тек өнімнің өзіндік құнына кері әсерін тигізіп қана қоймай, шығынға да батыруда дейді кәсіпкерлер.

Төлебиліктердің жергілікті билікке де айтар уәжі бар. Шаруалар ауданға жоспар бекіткенде өлкенің ерекшеліктері ескерілсе дейді. Мысалы, Төлеби ауданының табиғаты бие сауып, қымыз ашыту ісін жүйеге қоюға мол мүмкіндік береді. Оған қоса қарқынды бау егуге де қолайлы.

Депутаттап Төлеби ауданының шаруаларымен кездесті

Алдағы сессияда өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы қаралатындықтан, халық қалаулылары шаруашылықтардың жұмысымен танысып, саладағы күрделіліктерді осылайша айқындап алуда. Айта кететін жайт, жиынға арнайы шақырылған сала басшысынан бастап несие ұйымдарының жетекшілері кәсіпкерлікті дамытуға бөгет болған тұстарды шаруалардың өздерінен естіді.

Төлеби ауданының даму концепциясын әзірлегенде жауаптылар өлкенің мүмкіндіктерін толық ескерген. Мұнда таудан ағатын суды халықтың игілігіне пайдалану бойынша жақсы ұсыныстар бар.

Кәсіпкерлер табиғаты туризм саласын дамытуға бейімделген ауданда кәсіпкерлікке үкімет тарапынан қолдау қағаз жүзінде емес, шынай болса дейді. Сонда біз де аянып қалмаймыз дейді төлебиліктер.