Оңтүстікте қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі басталды

432
Оңтүстікте қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі басталды

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы мен «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесі аясында биылғы 6-9 маусым аралығында Түркістан – Шымкент қалаларында өтетін қуыршақ театрларының «Ортеке» V халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шарада ОҚО мəдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов жəне ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы өкілі Елчин Гафарлы фестиваль қатысушылары мен кішкене көрермендерді Түркі елдеріне ортақ айтулы күнмен құттықтады.

Салтанатты ашылу рəсімі С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасының қазақ халық ертегісі желісінде құрылған «Қаңбақ шал» қойылымымен жалғасты.

Оңтүстікте қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі басталды

«Ортеке» халықаралық фестивалінің мақсаты – кәсіби қуыршақ өнерін көпшілікке таныту, аймақаралық ынтымақтастық пен кәсіби қуыршақ өнері саласындағы халықаралық мәдени байланысты нығайту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтап, ынталандыру, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлігі деңгейін арттыру, отандық қуыршақ өнерінің дамуына жағдай жасау болып табылады.

Оңтүстікте қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі басталды

Фестиваль аясында Түркістан, Шымкент қалаларының тұрғындары мен қонақтары М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Абдолла Шаиг атындағы Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркиядан Адана қалалық муниципалдық театры мен және «Қаракөз» театрлары, сонымен қатар Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тамашалай алады.

Осы орайда барлық спектакль көрсетілімдерінің құрамына режиссер, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ешмұратова Құралай Халекетқызы, UNİMA халықаралық қуыршақ театрлары одағының Түркиядағы мүшесі, сыншы, қуыршақ театрларын зерттеуші-жазушы Озхан Мевлут, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Орынбор облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Смирнов Вадим Александрович, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сабила Абуева, Д. Танасоглу атындағы Гагауыз ұлттық театрының директоры Михаил Константинов (Молдова) төрелік ететін болады.

Халықаралық шара қазылар алқасының қатысуымен баспасөз отырысынан бастау алған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде фестиваль мақсаты мен талаптар сынды көптеген сауалдарға жауап берілді.

«Ортеке» V Халықаралық фестивалі 9 маусымға дейін жалғасады. Жеңімпаздар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы тағайындаған жүлделерімен марапатталады.

ОҚО мәдениет басқармасының баспасөз қызметі