Оңтүстікте 2017 жылы 57 елдімекенге газ жеткізіледі

279
Оңтүстікте 2017 жылы 57 елдімекенге газ жеткізіледі

Оңтүстікте 2017 жылы 57 елдімекен халқы көгілдір отынмен қамтылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14 млрд 1 млн теңге жұмсалатын болады. Бұл туралы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті. Жалпы, облыста 844 елдімекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Яғни бұл өңірдің 1 755 307 тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізіп отыр деген сөз.

– Облыстың елдімекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383 елдімекенді газдандыру жоспарланып отыр. 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елдімекендер санын 683-ке немесе 2 млн 720 мың тұрғынға жеткізу межеленіп отыр, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сұрақтарына да жауап берді. Облыс әкімінің айтуынша, өлкеміздегі елдімекендер ауыз сумен 73 пайыз қамтылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміз республикада 4-орында келеді. Арнайы қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдары 844 елдімекеннің 701-і, яғни 83 пайызы ауыз сумен қамтылады.

Оңтүстікте 2017 жылы 57 елдімекенге газ жеткізіледі

Тікелей эфир барысында әкімге жол құрылысына қатысты да сауалдар қойылды. Белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстанда жыл соңына дейін 569 нысан немесе 1452 шақырым жол мен көше, 3 жаяу жүргіншілер өткелдері және 19 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Ол үшін бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі