«Отырар» медиахолдингінің директоры – Оңтүстіктің құрметті азаматы

283

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті 13-сессиясы өтті. Депутаттар күн тәртібіне енгізілген 27 мәселе бойынша шешім қабылдады. Оның ішінде облыс әкімдігі мен тексеру комиссиясының бюджеттің орындалуы жөніндегі есебі мақұлданып, күнгейдің 2017 жылға арналған бюджеті нақтылады. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау да бағасын алды. Облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру қағидасына өзгерістер де енгізілді. Бұған қоса облыс мәслихатының бұрынғы депутаттары Руслан Омаров пен Амангелді Сопбековтің өкілеттігі тоқтатылды.

Жазғы демалыс алдындағы соңғы сессияның қарауына ұсынылған 27 мәселе бұған дейін тұрақты комиссияларда жіті талқыланғандықтан, олар бойынша шешімдер бірауыздан қабылданды. Ал облыстың құрметті азаматы атағына лайықты азаматтардың тізімі әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясында жан-жақты қаралса да сессия барысында мәселе қайта қозғалды.

Облыстың бірнеше құрметті азаматы анықталды

ОҚО құрметті азаматы атағына лайықты деп танылған тұлғалардың арасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі – «Отырар» медиахолдингісінің басшысы Валентина Куликова да бар. Ұсыныс Шымкент қаласы әкімдігінен түскен. Өмірлік жолын халықтың игілігіне арнаған Құрмет орденінің иегері Валентина Куприяновнаның шәкірттері бүгінде әлемдік, республикалық деңгейде қызмет етуде.

Сессияның жұмысы барысында депутаттар өз әріптестері Руслан Омаров пен Амангелді Сопбековтың өкілеттіктерін тоқтату бойынша дауыс берді. Сонымен қатар бас прокуратураның өкілі республика көлемінде «Зорлық- зомбылықсыз отбасы» пилоттық жобасының Саырағашта жүзеге асырылуына қолдау көрсету жөнінде депутаттарға өтініш жасады.

Сессияның соңында облыс әкімі өңірдің дамуына бағытталған маңызды шешімдер қабылдап, қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдірді.

Облыс мәслихатының кезекті 14-сессиясына төраға болып кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналды саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Талғат Баймаханов сайланды.

Облыс мәслихатының осы сессиясында өңіріміздің азаматтарына мемлекет және өкілетті органның марапаттары табыс етілді. Облыс мәслихатының депутаты Серікбай Ибадуллаев Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, облыстың әлеуметтік экономикалық, қоғамдық саяси дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың да еңбектері еленді.

Облыс мәслихатының депутаты Әбілқасым Досболовқа 70 жылдық мерейтойына орай, Серікжан Сейтжановқа белсенді қайырымдылық қызметі үшін, ал Лесбек Тәшімовке Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі атануына орай облыс мәслихатының грамотасы табыс етілді.