ЭКСПО-2017 көрмесінің қо­нақ­­тары көбейіп келеді

957
ЭКСПО-2017 көрмесіне миллионыншы саяхатшы келді

Көп естігеннен, бір көрген артық. ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін қо­нақ­­тардың саны күн сайын ар­­тып келеді. Мәселен, көрмеге бір айда 1 млн 200 мың адам келген. Әлі де Астанаға ағылып жатқан туристер мен жерлестеріміздің санында шек жоқ. Осы орайда бос уақытында елімізде өтіп жатқан көрмені тамашап қайтқан тұрғындар ЭКСПО көрмесінен алған әсерлерімен бөлісті.

Бүкіл ел назарындағы ЭКСПО – 2017 көрмесінде Қазақстаннан өзге 115 елдің және бірнеше халықаралық ұйымның павильоны бар. Олардың әрқайсысы келген туристі қызықтырудың амалдарын қарастырып қойған. Оның ішінде Франция повилионы ең үлкен нысандардың бірі болып саналады. Аумағы ат шаптырып, 1000 шаршы метрден асып жығылады. Жалпы ЭКСПО көрмесіндегі технологияға бай «Экоқалашық» деп атасақ та артық емес. Олар басқа елде баламасы жоқ экомобильді ұсынып отыр. Мысалы, әлемге танымал экомобиль «Пежо Кварц» моделінде гибрид моторы бар, ол жанар-жағармаймен де, электр қуатпен де жүре алады. Ішкі салоны экологиялық таза материалдан жасалған. Француздар мұны жуырда қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Ильдар Жүнісханов, қала тұрғыны: «Көрмеге екі барып қайттым. Өте ауқымды шара. Әр саяхатымда өзгеше жаңалық пен тың ақпарат алғандай боламын. Қай елдің павильонында не бар екен деп кірсем, басқа әлемге тап болғандай боламын. Әсіресе шар тәріздес сегіз қабатты «Нұр Әлем» павильоны маған ерекше әсер қалдырды. Бір қабаты ғарыш энергиясына арналса, екіншісінен жаңа технологияларды көресің. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны барып көру керек. Ал ең қызығы, мен онда электр қуатымен жүретін автомобиль көрдім.»

93 күн бойы жалғасатын ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында, сондай-ақ, түрлі мәдени ойын-сауық іс-шаралардың күнтізбесіне сәйкес шілде айында шара қонақтары әлемге танымал үздік Afrojack, Steve Aoki диджейлердің өнерін тамашалай алады. Кеште заманауи әуендер мен билер көрсетіледі. Осыған дейін көрмеде 1000-нан астам мерекелік қойылым өткізілді.

Мөлдір Бекеева, қала тұрғыны: «Әлбетте, ЭКСПОдан алған әсерім ерекше. Әр елдің ғимараты айрықша. Мысалы, Тайланд павильоны озық технологиялармен қатар тай массажын ұсынады. Әсіресе, Испанияның павильоны таңдай қақтырады. Олар көрмеде жасыл энергетикадағы жетістіктерін ұсынған. Табиғат пен оның байлығын, таза энергияны үлкен ағаш төңірегінде көруге болады. ЭКСПО-ны тамашалау үшін Астанаға міндетті түрде барып келуге кеңес беремін.»

Тағы бір айта кетерлігі, осы шілде айынан бастап Канада циркінің бұрын еш жерде көрсетілмеген қойылымының куәгері бола аласыз. Дүйім жұрт күткен әлемдегі үздік Дю Солей циркінің қойылымын 16 шілде мен 9 та­мыз аралығында тамашалауға болады.

Гүлжан Байназарова