Шымкент әкімі: «Қала жылу маусымына биыл 1 ай ерте дайын болуы тиіс»

349
Шымкент әкімі:

Шымкент жылыту маусымына биыл жылдағыдан 1 ай ерте дайын болуы тиіс. Яғни, қысқа әзірлік жұмыстарын әдеттегідей 1 қазанда емес, 1 қыркүйекке дейін аяқтау керек. Шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымов салаға жауапты мамандарға осындай тапсырма жүктеді. Әкімдікте өткен кеңейтілген мәжіліс қақаған қыста жиі сыр беретін жылудың жайымен қоса жасыл желек тақырыбына арналды.

Шымкент әкімі: "Қала жылу маусымына биыл 1 ай ерте дайын болуы тиіс"

Ғабидолла Әбдірахымов қаладағы қазандықтарды жөндеу, жылу жүйелерін ретке келтіру сияқты шаруалар жылдағыдан бір ай бұрын тас-түйін дайын болуы керек дейді. Әкім осы мақсатта, тіпті, осы уақыт аралығында тиісті мамандардың бірінің де еңбек демалысына шықпауын қадағалауды тапсырды. Жергілікті билік өкілдері халықты сапалы жылумен қамтамассыз ету үшін биыл осындай қадамдарға барып отырмыз дегенді айтады. Бұл талап тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласы мамандары мен құрылыс бөлімі қызметкерлеріне де қатысты.

Айта кетейік, шаһардағы жасыл желекті егу және күтіп-ұстау жұмыстарына биыл 1082, 8 млн теңге қаралған. Үстіміздегі жылы шатқалдарды көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, 12 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылды. Шатқалдардың жалпы аумағы қазір 124 га жетті. Алайда шаһар басшысы бұл бағыттағы шараларға да көңілі толмайтынын жеткізді.

Осындай олқылықтарға тоқталған қала әкімі жауаптыларға жылу жайын реттеу мен шаһардың коммуналды шаруашылығындағы шаруаларды ширатуға шақырды. Бұл мәселеде аудан әкімдері шет қалмауы тиіс.

Мақпал Рысбаева