Шымкенттегі мектептерге оқулықтар жеткізіліп жатыр

791
оқулық

Биыл шымкенттік шәкірттер оқулықтан тарықпайды. Бұл үшін қаламыздағы білім ұяларына 1 миллион 4849 кітап жеткізілмек. Бір емес, ондаған баспаханадан жарық көрген кітаптар қазір арнайы жүк көліктеріне тиеліп, мектептерге үлестірілуге кіріскен.

Жаңа оқу жылына делінген оқулықтар қорап-қорап қағаз қапталған. Кітаптың осындай мыңдаған данасы жүк көлігіне тиеліп, қазір «Қазпошта» АҚ-ның аумағына жеткізіліп жатыр. Мұндағы арнайы қоймаға жайғастырылған жинақтарды күтіп алушылар да жоқ емес. Қаламыздағы мектептердің басшылығы мен кітапханашылары жыл бұрын тапсырыс берген кітаптарын түгендеп жүр.

Қаламызда барлығы 128 мектеп бар болса, биыл білім ұяларының кітаптармен жасақталуы үшін 12 бірдей баспаханамен арнайы келісім -шарт түзілген. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, шаһарамызға тиісті оқулықтар тамыз айының соңғы күндеріне дейін тасымалданады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «25 тамызға дейін оқулықтар бізге толығымен жеткізіледі. 2, 5 және 7 сыныптардың оқушылары 100 пайызға кітаппен қамтылады. 1 және 8 сыныптың оқушылары да кітапты мектептен тегін алуға мүмкіндіктері бар. Ал 3, 4, 5, 6 және 11 сыныпқа дейінгі өзге де оқушылар – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары және  көмекке мұқтаж шәкірттерге оқулықтар түгел беріледі. Ал қалған оқушылар сауда нүктелерінен сатып алатын болады».

Айта өтейік, биыл үлестірілуі тиіс миллионнан астып жығылатын кітаптар үшін қазынадан қомақты қаржы қаралған. Яғни, мектеп оқушыларының оқулықтарына 1 млрд 300 миллион теңге бөлініп отыр.