Жұмыс күшінің оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуы көңіл көншітпейді

828
Фото: //kstnews.kz

Келесі жылдан бастап Оңтүстіктен еліміздің солтүстік аймақтарына қоныс аударатындарға мемлекет тарапынан көмек ұлғаяды. Дегенмен, халқы тығыз орналасқан күнгей тұрғындарының арасынан теріскей облыстарға қоныс аударуға ниеттілер аз. 2014 жылдан бері барлығы 156 отбасы ғана қоныс аударған. Бұл көңіл көншітпейтін ақпарат облыс әкіміндігіндегі жиналыста айтылды.

Осыған орай өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бүгін аудан әкімдерімен телекөпір арқылы байланысып, шұғыл селекторлық отырыс өткізді. Бұған себеп – «Оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасының жүзеге асуы көңіл көншітпейді.

Жұмыс күшінің оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуы көңіл көншітпейді

3 миллионға жуық халқы бар Оңтүстікте жыл сайын 80 мың бала дүниеге келеді. Бір ғана Мақтаарал ауданында 1 шаршы метрге 169 адам мекен етеді. Ал Сарыағаш ауданында үйге кезекке тұрғандар көп. Арнайы бағдарлама аясында тұрғындарды солтүстікке жіберіп, жағдайын жасауға мүмкіндік берілуде. Бірақ өңірден белсенділер табылмай отыр. Облыс басшысы бұл тұрғыда аудан әкімдеріне насихат жұмыстарының кемшін екенін айтып, әсіресе жоғарыдағы халқы тығыз орналасқан екі ауданға түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тапсырма берді. Енді көшетіндер баспана алуда, кәсіп ашуда қиналмайды.

Жыл басына бері Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен қалаларынан мамандар келіп, бос орын жәрмеңкесін ұйымдастырған. Нәтижесінде 740 отбасы ол жақта жұмыс істеуге келісім-шартқа отырған. Айта кетерлігі, тұрғындарда солтүстікке жұмысқа қызыққанымен, жұмыссыз, баспанасыз қалып кетеміз бе деген әлі де күдік бар. Сол үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметік бағдарламалар басқармасының басшысы көшіп-қонушыларды қолдау орталығы ашылса деген ұсыныс айтты.

Облыс әкімі жиын соңында сала басшылары мен аудан әкімдеріне облыс тұрғындарына бағдарламаны көптеп таныстыруға тапсырма берді. Алдағы уақытта қоныс аударушылар солтүстік өңірдің жағдайымен танысу үшін іс-сапарлар ұйымдастырылатын болады.

Айгүл Керімқұлова

Фото: Самат Мырзалиев