Күн ыстықта азық-түлікке мұқият болыңыз

299
Фото://нерчинскаяцрб.рф

Күн ыстықта азық-түліктің тез бұзылатыны бар. Әсіресе, қазіргі таңда тағамнан келер қауіп өршіп тұр. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер жедел ішек инфекциясы мен тамақтан улану жағдайларының көбейгенін айтады. Мәселен, Шымкеттегі жұқпалы аурулар ауруханасына бір күннің ішінде мұндай диагнозбен жүзге тарта науқас түседі екен.

Бір жасар ұлына қарбыз берген Шымкент тұрғыны баласын инфекциялық ауруға шалдықтырамын деп ойламаған. Жас ана алғашқыда сәбиінің ауруына аса мән бермей, 10 күндей жүріп қалыпты. Кейін күн санап мазасы қашқан ұлының жағдайынан қорқып, жедел жәрдем шақыртқан. Шұғыл жәрдеммен жеткізілген нәрестені дәрігерлер тез арада ауруханаға жатқызып, дер кезінде қауіпті аурудың алдын алдық дейді.

Мөлдір, қала тұрғыны: «Ауруханаға түспес бұрын баламның дене қызуы 40 градус болды. Кейін күніне үш-төрт рет іші өтті. Әр түрлі түсте өтеді. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін осы жерге жатқызды.»

Жұқпалы аурулар ауруханасына қазір күніне жедел жәрдеммен елу-жетпіске жуық адам жеткізіледі. Көбісі – жедел ішек инфекциясы мен тағамнан уланғандар. Тіпті демалыс күндері ауруханаға түсетін науқастардың саны жүзге жетеді екен. Бірақ, мұнда жеткізілген науқастардың барлығы емделуге жатқызыла бермейді. Өйткені бөлімшелердің көбісі науқастарға толы.

Дәрігерлер айтқандай, қазіргідей ыстық күнде тағамнан келетін қауіп күшейеді. Тіпті тамақты тоңазытқышқа қойсаңыз да бір күннен соң жарамсыз болып қалады. Әсіресе қарбыз бен қауынды тұтынғанда абай болған жөн. Бірақ, қарапайым кеңестерге құлақ түрсеңіз, сізді инфекциялық аурулар мазаламайды.

Жедел-ішек инфекциясы өршіп тұрған маусымда көшенің тағамынан көрі үйде жасалған тағамдарды тұтыныңыз. Әсіресе, балалардың йогурты, ботқасы немесе дүкен сөрелеріндегі сүтті тауарлар – инфекцияны таратын негізгі тағамдар болып саналады. «Сақ болсаң – сақтаймын» деген қағиданы ұмытпаңыз.

Лаура Нахыпқызы