Үкімет басшысы Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғыртумен танысты

394

ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында болып, жаңғырту жұмыстарымен танысты. Үкімет басшысы кәсіпорындағы қайта құрылымдау жұмыстарын дер кезінде аяқтауға тапсырма берді.

Шымкент Мұнай Өңдеу зауыты жаңғырту аяқталғаннан кейін 1,5 есеге жоғары октанды жанармай өндіреді. «ПетроКазақстан ОЙл Продактс » ЖШС-ын аралап, «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құрастыру» жобасының 1-кезеңінің жалпы зауыт шаруашылығы нысандарын көрсетті. Үкімет басшысына зауытта атқарылып жатқан тірлік әп-сәтте түсіндіріліп берді. Жоғары октанды жанармай өндіріп, көлемін арттыруды көздеген мұнайшылар алып жоба аясында кездескен кедергілерді де жасырып қалмады.

Айта өтейік, «ПетроКазақстан ОЙл Продактс» серіктесітігінің басшылығы екінші кезең аясында қуатты жұмыс жасайтындарын айтты. Жылына 2 млн. тонна болатын мазутты және вакумдық газойлды өңдеуге арналған каталитикалық кренинг кешені қондырылып жатыр. Кешен іске қосылысымен, жанармай тапшылығы тиылатын көрінеді. Зауыт биылғы маусымнан бастап Кеден Одағының техникалық регламентінің талаптары бойынша, экологиялық кластағы жоғары октанды жанармай шығарады. Ал шілде мен тамызда зауыт 197 904 тонна жоғары октанды жанармай өндірген.

Нәтижесінде 2018 жылғы қыркүйекте 2-Кезең жұмыстары аяқталғаннан кейін, зауыттың өнімінің көлемі артады. Яғни, жылына 6 млн. тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы болмақ. Саралап айтатын болсақ, жоғары октанды бензинді өндіру көлемі жылына 2,5 мың тоннаға ұлғаяды. Ал дизель отыны- екі мың тоннаға дейін өндірілсе, авиаотын 400 мың тоннаға дейін өседі. Зауытта жоғары октанды бензиндерді өндіру үлесі 100 пайызды құрайтын болады екен. Үкімет басшысы объектіні аралап көріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, ел нарығын жоғары сападағы моторлық отындармен қамтамасыз етуге қатысты бірнеше тапсырма берді.

Болат ӘБдуәлиев, зауыттың құрылыс жөніндегі аға менеджері: «Каталитикалық кренинг кешені теңдесі жоқ құрылғы. Оны орнату да оңай емес, сол себепті де шетелдің мамандардың қызметіне жүгініп отырмыз. Құрылғы іске қосылғанда жанар жағармайдың ең жоғары түрі өндіріліп, сұраныс жүз пайызға орындалады. Зауыттың екінші кезеңі құрылыс аумағында төрт мыңға жуық жұмысшы еңбек етуде. Осыдан-ақ, алып жоба жүзеге асырылып жатқанын түсінуге болады. Үкімет басшысының берген тапсырмаларын орындауға уәде етеміз».