Оңтүстік өкілдері Астанада дастархан жайды

404
Оңтүстік өкілдері Астанада дастархан жайды

Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы мәдение күндері көпшіліктің есінде қалғаны сөзсіз. Бірнеше күнге созылған бағдарлама аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – этно-ауылда жайылған кең дастархан. Бұл күн Астана тұрғындарының есінде молшылық пен берекемен есте қалды.

Айт мерекесінде Оңтүстікқазақстандықтар қонақжайлығын көрсетті. Бұл күні этно ауылда бес мың адамға арналған дастархан жайылды. Қала тұрғындары мен қонақтары қымыз, шұбат және бауырсақтан дәм татты. Сондай-ақ келушілерге Оңтүстіктің тәттілігі тіл үйірер жеміс -жидектері мен қауын-қарбызы тегін үлестірілді. Ең бастысы 300 келі палау басылып, қонақтар астан дәм татты.

Оңтүстік өкілдері Астанада дастархан жайды

Кең жайылған дастарханнан соң қонақтар этно ауылдағы Оңтүстік Қазақстан облысының қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалады. Мұнда облыстың мәдени, тарихи келбетін айқындайтын 2000-ға жуық құнды жәдігер мен қылқалам және қолөнер шеберлерінің туындылары Астана халқы мен ЭКСПО қонақтары назарына ұсынылды. Соның ішінде қазақ тарихында орны айырықша Кенесары Қасымұлының қылышы да бар.

Мерекелік шара мұнан соң концерттік бағдарламамен ұласты. Сахна төрінде өнер көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншілері мерекені қыздыра түсті. Күміс көмей, жез таңдай әншілер киіз үйлерді аралай жүріп, қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындап, көпшілік ықыласына бөленді.

Лаура Нахыпқызы