Ретсіз саудамен күрес: нәтиже жоқ

407

Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары екі күн бойы қала көшелеріндегі ретсіз сауданы жоюға барын салды. Жол жиегін сауда қатарына айналдырғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айтқанға көнбегендеріне жергелікті полиция қызыметкерлері әкімшілік айып та салды. Өкініштісі сол нәтиже жоқ…

Бүгін тағы да қырғы базарда заңсыз сауда жасаушылар қаптады. Жасы 72-ге келген Ұлбала ана үйіндегі 5-6 биеден сауылатын қымызын күн сайын осында әкеліп саудалайды. Кейуананың айтуынша, сол арқылы нәпақасын табатын көрінеді. Ал заңға бағынып, әкімдік қызметкерлерінің ұсынған сауда орнына барғысы жоқ, себебі онда бәсекелестік мықты, тауары өтпей қалуы мүмкін. Бір қызығы, үйір жылқының егесі өздерін күн көрісі қиын отбасына жатқызады екен.

Аудан әкімдігі мамандарының айтуынша, бұл – осындағы кез-келген саудагердің жаттанды сөздері. Өздерін өзгеден пысықай санайтындар көше бойында тауарын тезірек өткізуді көздегендер. Жыл басынан бері осы жабайы сауданың алдын алу үшін 50 рет рейд жасалып, 701 млн теңгеге 612 хаттама түзілген. Бірақ, нәтиже жоқ.

Әкімдік қызметкерлерінің сөзін жаяу жүргінші жолында дастарханын жая салып ас ішіп отырғандар растап отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің осындай заң бұзушыларға түсіндіру жасаудан өзге қауқары қалмаған. Тек жергілікті полицейлер 5 айлық есептік көрсеткіш айып салады, бірақ, одан аяқ тартқан саудагерді көрмейсіз.

                                                                                                                                               Нұрлан Жаңабай