Шаруаларға сүт қабылдау бекеттері тапсырылды

388
Шаруаларға сүт қабылдау бекеттері тапсырылды

Оңтүстіктің шаруаларына су жаңа сүт қабылдау бекеттері пайдалануға берілді. Шаруаларға жеңілдікпен үлестірілген құрылғылар сүт кластерін дамытуда серпін береді дейді саладағылар. Сүтті сақтап, өткізуде қиналған шаруалардың түйіткілі осылайша шешімін тауып отыр.

Өңірде сүт кластерін дамытуга серпін беретін бекеттердің кілті салтанатты жағдайда табысталды. Облыс әкімі алдағы уақытта мұндай құрылғылардың қалалық шаруаларға да үлестіру қажеттігін тапсырды.

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Абиболла Баймырзаев қабылдау бекеттерінің шаруаларға өнімді сақтауда және өткізуде көмегі зор дейді. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Алдымен аядай ғана зертханада сүттің майлылығы, құрамы тексеріледі. Содан кейін сүт 2 тонналық өнімді тәулік бойы сақтайтын мына құрылғыға құйылады.

Айта кетейік, бүгінде 20-дан аса мүшесі бар кооперативтерде 33 сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда сүт қабылдау бекеттеріне 400 млн теңгеден астам инвестициялық субсидия берілген. Бұл шаралар шаруалардың табысын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болмақ.

Осы сүт қабылдау бекеттерін алдымен сайрамдықтар сынап көрді. Бүгін аудандағы шаруалар жаңа құрылғыларды қолдану әдісімен танысты. Әзірге Қарабұлақ ауылында мұндай бекеттің біреуі қойылып отыр. Салаға жауаптылар алдағы уақытта тағы үш бекетке тапсырыс бердік дейді. Сонда мыңнан аса сиырдың сүтін сақтап, шикізатты өңдеу кәсіпорындарына сапалы жеткізуге мүмкіндік туады дейді шаруалар.

Сүт өндірісін дамытуға жол ашатын қабылдау бекеттері болашақта өңдеу орталықтарын ашуға да зор сеп болмақ. Шаруалардың сөзіне сенсек, бүгінде өнімді сақтауға арналған арнайы жабдықтардың болмауынан тез бұзылатын өнімнің құны көңіл көншітпей отыр. Сапалы шикізатқа тапсырыс беретін өңдеу орындары алдағы уақытта сүтті жоғары бағада қабылдауы мүмкін дейді мамандар.

Мақпал Рысбаева