Тұрғындарды «үй әперемін» деп алдаған алаяқ қолға түсті

198

Жуырда Шымкент қаласында Қаратау ПБ-не 38-жастағы азаматша арызданған. Ол арызында бір таныс әйел өзін «банкте жұмыс істеймін, үй әперемін» деп миллион теңге көлемінде ақша алып, белгісіз бағытқа бой тасалағанын көрсеткен.

Осыған ұқсас арыздармен полиция бөліміне бірнеше тұрғын шағымданған.
Қаратау ПБ қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шымкент қаласының 1988 ж.т. күдікті азаматша ұсталды. Күдіктінің басқа да алаяқтықтың 10 жәйтке қатысы бар екені анықталды.
29-жастағы азаматша өз қылмысын белгілі бір жүйеге сәйкес жасаған.

Яғни, ол азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешіп беремін деп сеніміне кіріп, содан кейін барып ақшасын алып, бой тасалап кетіп отырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 3,5 миллион теңгеден астам болып отыр.

Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар екенін анықтауда. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.