«Қара зеренің өлімнен басқаның бәріне шипасы бар»

852

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Тасбау Сәлімбай мешітінің бас имамы Жансейіт Ордабекұлы:

     – Қазақ ұғымында «Бірінші байлық денсаулық», «Денсаулық зор байлық» деген қанатты сөз бар. Асыл дінімізде денсаулық мәселесі қалай қарастырылады…

      – Пайғамбарымыздың хадистерінде 5 нәрсенің қадіріне жетіңіздер дейді. Бірінші, кәрілік кеп қалмастан бұрын жастықтың қадіріне жетіңіздер, ауру кеп қалмастан бұрын денсаулықтың қадірін, бір іспен шұғылданбас бұрын бос уақыттың қадірін біліңіздер, өлім кеп қалмас бұрын тіршіліктің қадірін, кедейлік кеп қалмас бұрын мал-мүліктің қадірін біліңіздер деген. Денсаулық адам баласына Алла Тағаланың берген нығметі, «дені саудың жаны сау» демек бүкіл дүниенің байлығы бір денсаулыққа тұрмайды. Денсаулық Алланың берген аманаты деп түсінуіміз керек, дүниеге пәк қылып жібергеннен кейін денсаулықты күтуіміз керек. Оған көп мән беруіміз керек, қадір-қасиетін білуіміз керек. Алла Тағаланың құзырына баратын күн бар, со күні Пайғамбарымыз айтқан «барша адам баласы 5 түрлі сұраққа жауап бермейінше, аяғы орнынан қозғалмайды» деген. Біріншіден, бүкіл өмірін қалай өткізгендігіне есеп береді, жастық шағын қалай өткізгендігі, үшінші денсаулығына қалай мән бергендігі, мал дүниені қандай жолмен тапты және қайда жұмсады, бесінші уақытын қалай өткізді, осы сауалдарға жауап береді, одан кейін ғана басқа есептер береді» деген. Екі хадисте Пайғамбарымыз осы денсаулық туралы айтқан. «Ас адамның арқауы» дейді, денсаулық мықты болуы үшін ас ішеміз. Асқа байланысты Пайғамбарымыз «асқазанды үшке бөліңіздер дейді, яғни бірінші бөлігіне тағам, екіншісіне су, үшіншісіне ауа қалдырыңдар» деген. Адам тоя тамақ ішпеуі керек, әсіресе ұйқыға жатар алдында. Дұрыс тынығу үшін телефон сияқтыларды өзімізден алыс ұстауымыз керек. Тамақтан кейін ауыз-мұрынды, беті қолын жумай жатар болса бірдеңеге ұшырап қалса өзінен көрсін дейді. Тамақ іше салып, сол күйі жатып қалатын болса тылсым дүние бар, жындар әлемі түрлі адам баласы бірдеңеге ұшырап қалуы мүмкін. Жауапқа тартылатынын білетін мұсылман адам өмірін мәнді өткізуі керек.

     –  «Ауру астан» деген де бар, қандай тағамдарды тұтынуға мүлдем тиым салынған?

      –  Бауыздалатын малымызды алдымен Алланың атын айтып барып бауыздау керек. Адалдап бауыздау керек. Алланың атынан басқа нәрсенің атын айтып бауыздалған малды жеуге болмайды. Түрлі кеселдің бастауы доңыз еті. Жыртқыш хайуандардың еті, қасқыр, аю, жыртқыш құстардың етін жеуге мүлдем тиым салынған. Алла Тағаланың бізге берген адал астары өте көп. Шариғат шеңберінде рұқсат берілген нәрселерді жеу керек. Жегенде де аса тойып тамақ жемеу керек. Көбірек қимылдауымыз керек. Артық қимыл әрекетіміз аз болғандықтан ағзаға кері әсері бар.

    – Шариғаттағы тазалық үкімі туралы айтып өтсеңіз…

    – «Тазалық бұл иманның бір бөлігі» дегенді Пайғамбарымыз айтқан. Бес уақыт намаз оқитын мұсылман дәретпен жүреді. Дәреттің алдында тіс тазалау керек. Тарихтан қарасаңыз инсульт, беттің қисаюы деген қазақ халқында бұрын болмаған. Әр кезде дәретпен жүруіміз керек. Бағзы заманда атпен көп жүрген, қимыл қозғалыс көп болған. Әр адам намазға дәрет алған сияқты жуынып жатса Алладан әмір түсіп ажал келіп қалатын болса иманы жолдас болып кетеді деген хадисі бар. Аптаның жұма күні тырнақ алып, сақал қырынып, жуынып шайыну керек.

    – Мұсылман дүкендерінде сатылатын түрлі иіссу, сусабындардың адам ағзасына пайдасы бар дейді. Осы рас па?

    –  Ол заттардың бәрі Араб мемлекеттерінен, Түркиядан келіп жатыр. Мисуақпен тіс тазалау есте сақтау, көздің көру қабілетін жақсартатынын ғалымдар дәлелдеген. Ал қара зерені өлімнен басқаның бәріне шипасы бар. Пайғамбарымыздың «қара зереде шипа бар» деген хадисі бар. Оны ашқарынға балмен қосып ішу керек. Кішкене дәмі жағымсыздау, бірақ бүкіл ауруға шипасы бар. Мұсылман дүкендерінде сатылады. Ағзаға өте пайдалы, иммунитетті көтереді. Хиджама яғни, қан алдыру да өте пайдалы. Хиджама қан жүретін каналдарды ашады.