Жер учаскесін несиеге алуға болады

610

Шымкентте 9 қабатты 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 558 пәтер пайдалануға беріледі. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар арасында теңдей бөлінеді. Осы хабарды естіген газет оқырмандары редакциямызға хабарласып жатыр. Сұрақтарының дені «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін пәтерлерлерге қатысты болып отыр. Сауалдарды аталған банктің облыстық филиал директорының орынбасары Ақылбек Қоспановқа жолдап, жауабын білдік.

Ақылбек Қоспанов
Ақылбек Қоспанов

Сұрақ:
– Мен жергілікті атқарушы органда «әлеуметтік әлсіз топ» категориясы бойынша кезекте тұрмын. Банктен ашқан депозитім жоқ. Бірақ, қолымда 2,5 миллион теңгем (2 бөлмелі пәтердің 30%) теңгем. Дәл қазір осы қаржыны депозитке салып, пәтер алуыма бола ма?

Жауап:
– Жергілікті атқарушы органдарында баспана кезегінде тұрған азаматтардың тізімі банктің жүйесіне енгізілген. Егер сіз осы жылдың тамыз айына дейін кезекке тіркелген болсаңыз, онда жергілікті атқарушы орган арқылы, ал тамыз айынан кейін тіркелген болсаңыз біздің банктің салымшысы ретінде конкурсқа қатыса аласыз. 30 пайызға келер болсақ, ақшаны депозитке конкурсқа дейін аудару, я аудармау өз еркіңізде. Ақшаңыз болса, депозитке салыңыз. Оның сізге оң нәтижесі болмаса, зияны жоқ. Балыңыз да жоғары болады. Пәтер үйлестіруде кезекке тұрған жыл емес, балл көлемі ескерілетінін ұмытпаған абзал.

Сұрақ:

– Депозит ашқанымызға 10 жылдай болып қалды. Бірақ, осыған дейін ай сайынғы қаржыны уақытылы салып отырмадық. Сұрайын дегенім, конкурсқа қатыса аламын ба?

Жауап:
– Әлбетте қатыса аласыз. Бірақ, пәтерлерді үйлестіру кезінде:
1) төлемнің уақытылы жүргізілгендігі;
2) депозит мерзімі (неғұрлым ұзақ болса соғұрлым тиімді),
3) Қосымша салымдардың төленгендігі ескеріледі.
Сіздің жағдайыңызда депозит мерзімі ұзақ. Бірақ салымдарды уақытылы жүргізбегенсіз. Десе де әлі кеш емес. Егер қайтадан үзбей салым аударатын болсаңыз, сіз жақсы балл жинауыңыз мүмкін.

Сұрақ:
«ТҮҚЖБ» арқылы жер үй немесе жер телімін алуға бола ма? Шарттары қандай?

Жауап:
– Банк арқылы жер телімін де, жер үйді де несиеге рәсімдеуге болады. Ескерер жайт, банк үйдің не жердің 50 пайызын ғана несиелендіреді. Қалған қаржыны өз қалтаңыздан құюыңыз керек. Саман үйлерге келсек, оның құрылысы 25 жылдан аспауы керек. Ал көпқабатты, қызыл кірпіштен салынған үйлерге 50 жыл.

Сұрақ:
– Салымшылар ауылды жерлердегі баспананы несиеге алуына бола ма?
Жауап:
– Әрине, болады. Қарасу, Ақсукент, Манкент, Сайрам, Шұбарсу, Қазығұрт, Қарабұлақ, Асық Ата, Атакент, Темірлан, Бадам, Т. Рысқұлов ауылдары мен Түлкібас аудандары, Ленгер, Арыс, Сарыағаш, Түркістан, Кентау, Жетісай, Шолаққорған, Таукент сынды аудан-қала орталықтарындағы саманнан соғылмаған, қызыл не бетон кірпіштен қаланған үйлерді несиелендіреміз. Жердің бағасының 30 пайызын 6,10,15 жылға несиеге береміз.

Сұрақ:
– Әйеліммен ажырасқанбыз. Ортақ 4 баламыз бар. Әйелім жергілікті атқарушы органдарында баспана кезегінде тұр. Мен өз атымнан депозит ашып, баспана алған жағдайда оған ешқандай зияным тимейді ме?

Жауап:
– Егер сіздің атыңызда ҚР аумағында 5 жылға дейін үй тіркелмеген болса, қолыңызда некелеріңіздің бұзылғандығын растайтын куәлігіңіз болса онда сіз банктен депозит ашып, баспанаға қаржы жинасаңыз болады. Сіздің бұрынғы әйеліңіздің баспаналы болуына еш кедергісі болмайды.

Сұрақ:
«Нұрлы жер» бағдарламасынан бөлек, сауда нарығындағы үйлерді несиелендіресіздер ме?
Жауап:
Бұл баспаналы болудың ең тез жолы. Ол үшін өзіңізге ұнайтын үйді тауып, бағасын сатушымен келісесіз. Ескеретін жайт, үйдің жалпы құнының 50 пайызы ақшалай қолыңызда болуы керек. Мәселен, 3 бөлмелі пәтер 10 млн теңге делік. Банкке келіп осы соммаға депозит ашасыз да, жалпы соммасының 50 пайызын, яғни 5 млн теңгесін депозитке аударасыз. Сол мезетте банк сізге сатушымен есеп айырысу үшін 10 млн теңгені несиеге береді. Осылайша 3 жыл бойына 8,5 пайызбен, одан соң 5 пайызбен төлеп отырасыз.

Сұрақ:
Басқа банкте несием бар еді. Ол конурсқа әсер етеді ме?
Жалпы, егер сіздің несие соммаңыз айтарлықтай көп мөлшерде болмаса (тұрмыстық техника) оның әсері бола қоймайды. Ал, өзге де банктің алдында қарызыңыз болып, құжаттарыңыз коллекторлық не сотқа дейінгі қаралымға кетсе, онда ол несиені өтегеніңіз абзал. Құжат тапсыру мерзімі кезінде басқа да банк алдындағы несиелеріңіздің жабылғанына 6 ай болса сіздің кредиттік тарихыңызға әсер етпейді.

Дайындаған: Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ