Úı ANONS 2026 жылы не өзгереді?

2026 жылы не өзгереді?

фото kz.otyrar.kz

 

Жаңа жыл әрдайым жаңа өзгерістермен келетіні белгілі. 2026 жыл да қазақстандықтар үшін бірқатар әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарымен ерекшеленбек. Әсіресе, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар төлемдер мен айыппұлдардың, жәрдемақылар мен зейнетақы мөлшерінің қайта есептелуіне себеп болып отыр. Осы орайда, 2026 жылдан бастап күшіне енетін негізгі өзгерістерге кеңірек тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

 

Айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге жетті

 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 4 325 теңге болып белгіленді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 393 теңгеге артық. Айта кетейік, өткен жылы АЕК мөлшері 3 932 теңге болған еді.

Айлық есептік көрсеткіш – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды, зейнетақы мөлшерін, салықтар мен түрлі міндетті төлемдерді, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар көлемін есептеу үшін қолданылатын негізгі қаржылық көрсеткіш. Сондықтан АЕК-тің өсуі көптеген салаға тікелей ықпал етеді. Жыл сайын бұл көрсеткіш республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.

АЕК мөлшерінің өсуіне байланысты 2026 жылы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар да қымбаттайды. Мәселен:

  • жылдамдықты сағатына 10–20 шақырымға арттырғаны үшін айыппұл 5 АЕК, яғни 21 625 теңге болады;
  • 20–40 шақырымға асырған жағдайда 10 АЕК немесе 43 250 теңге төлеуге тура келеді;
  • ал жылдамдықты 40 шақырымнан артық асырғаны үшін 20 АЕК – 86 500 теңге айыппұл салынады;
  • егер бұл құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін өсіп, 129 750 теңгені құрайды.

 

Ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалды

 

2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалып, 85 000 теңге деңгейінде сақталады. Бұл көрсеткіштің өспеуі кейбір азаматтар үшін алаңдаушылық тудыруы мүмкін болғанымен, мемлекет әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын қолдауды көздеп отыр.

 

Ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге жетті

 

АЕК мөлшерінің өсуі зейнетақы төлемдеріне де оң әсерін тигізді. 2026 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңге болып белгіленді. Бұл өткен жылғы 62 771 теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өсім екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, базалық мемлекеттік зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері де артты. 2025 жылы 32 360 теңге болған бұл көрсеткіш 2026 жылы 35 596 теңгеге дейін өсті. Бұл өзгеріс, әсіресе, еңбек өтілі аз немесе табысы төмен болған зейнеткерлер үшін маңызды қолдау болмақ.

Бұдан бөлек, ең төменгі күнкөріс деңгейі де 50 851 теңгеге дейін көтерілді (2025 жылы – 46 228 теңге). Күнкөріс деңгейінің өсуі әлеуметтік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін қайта есептеуге негіз болады.

Жалпы 2026 жыл қазақстандықтар үшін бірқатар әлеуметтік өзгерістермен басталғалы отыр. Айлық есептік көрсеткіштің өсуі зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің артуына мүмкіндік берсе, айыппұлдардың да қымбаттайтынын естен шығармаған жөн. Бұл өзгерістер азаматтарды заң мен тәртіпке бейімдеп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған топтарға қолдау көрсетуге бағытталған.

 

Жеңіл автокөліктерге салынатын салық мөлшері төмендетіледі

 

Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңартылған Салық кодексі күшіне енеді. Аталған құжат салық жүйесін оңайлату және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту мақсатында әзірленген. Жаңа Салық кодексінде келесі негізгі өзгерістер көзделген:

  • салық есептілігінің көлемін 30%-ға қысқарту;
  • салық түрлерінің санын 20%-ға азайту;
  • салық жеңілдіктерін оңтайландыру;
  • дифференциалды салық мөлшерлемелерін енгізу;
  • инвестициялық белсенділікті ынталандыру;
  • сән-салтанат тауарларына салық жүктемесін арттыру және өзге де өзекті бағыттар.

Одан бөлек, жеке тұлғалар үшін бірқатар маңызды жаңалықтар енгізіледі. Атап айтқанда:

  • БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады, егер олар мұрагерлікке немесе елден тыс жерге тұрақты шығуға байланысты болмаса;
  • жеңіл автокөліктерге салынатын салық мөлшері төмендетіледі. Тарқатыңқырап айтар болсақ, пайдаланылған мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін – 30%-ға, 20 жылдан асқан көліктер үшін – 50%-ға;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Жаңа кодексте жеке «сән-салтанат салығы» енгізілмейді. Дегенмен, қымбат мүлік пен тауарларға жоғары салық мөлшерлемелері қолданылады. Атап айтқанда:

  • құны 450 млн теңгеден асатын мүлікке (үш және одан да көп нысан болған жағдайда) жоғары мөлшерлеме белгіленеді;
  • құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден жоғары теңіз және әуе кемелеріне, сондай-ақ қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне жоғары акциздер енгізіледі.

Сонымен бірге, мәслихаттарға жекелеген объектілердің есептік құнын 50%-ға дейін арттыру құқығы беріледі.

 

Жаңа қаулы әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды медициналық сақтандырумен қамтуға мүмкіндік береді

 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне деректер ұсынатын мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылады.

Жақында ел Үкіметі МӘМС жүйесіне ақпарат беру тәртібін жаңарту жөніндегі қаулыны қабылдады. Құжат азаматтар мен шетелдіктер туралы деректерді жинау және беру тетігін жетілдіруге бағытталған. Негізгі мақсат – Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында уақытша тұратын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері жөніндегі мәліметтердің уақтылы әрі толық берілуін қамтамасыз ету.

Бұрынғыдай, барлық деректер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жолданады. Аталған ұйым мәліметтерді МӘМС-тің бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізумен айналысады.

Сонымен қатар, аталмыш қаулыда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 және 26-1-баптарына қатысты сілтемелер нақтыланып, деректер ұсынуға жауапты мемлекеттік органдардың тізімі кеңейтілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қатысты тармақтар да жаңартылып отыр. Енді министрлік деректерді бірнеше цифрлық жүйе арқылы ұсынатын болады. Атап айтқанда:

  • «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі;
  • «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған базасы»;
  • «Төлемдерді өңдеу ұйымы»;
  • «Отбасының цифрлық картасы».

Министрлік келесі санаттар бойынша мәлімет береді:

  • ресми тіркелген жұмыссыздар;
  • мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін ата-аналар мен қамқоршылар;
  • І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын тұлғалар;
  • зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • үш айдан астам уақыт зейнетақы жарналары аударылмаған, әлеуметтік тұрғыда осал немесе дағдарыстық жағдайда тұрған азаматтар.

Сондай-ақ жаңартылған тізімге Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі енгізілді. Бұл орган МӘМС жүйесіне қажетті деректерді сот органдарының ақпараттық жүйелері арқылы ұсынатын болады.

Сарапшылардың пікірінше, енгізілген өзгерістер деректер алмасу тетігін жетілдіріп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды медициналық сақтандырумен толық қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, жаңа қаулы МӘМС жүйесін цифрландыруға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған реформалардың бір бөлігі саналады. 2026 жылдан бастап деректер беру ауқымы кеңейіп, ЕАЭО елдерінен келген мигранттар мен шетелдіктер де қамтылатын болады. Бұл МӘМС жүйесінің ашықтығын арттырып, әлеуметтік сақтандыру саласындағы деректердің өзектілігі мен тиімділігін күшейтеді.

 

Ипотека шарттары 2026 жылдың шілдесіне дейін өзгеріссіз қалады

 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, ипотекалық несиелер бойынша сыйақының жылдық тиімді шекті мөлшерлемесін (ЖТШС) 25% деңгейінде сақтау мерзімін 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту жөніндегі қаулы жобасын әзірлеуде.

Аталмыш агенттіктің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, бұған дейін жоспарланған ЖТШС шегін 20%-ға дейін төмендетуді уақытша тоқтату туралы шешім қазіргі макроэкономикалық ахуалды және банк секторының қаржылық тұрақтылығын ескере отырып қабылданған. Бұл қадам ипотекалық несиелеу құнын реттеуде теңгерімді тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.

Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18% деңгейінде қалып отыр. Оның жоғары деңгейде сақталуы инфляцияны тежеу шараларымен байланысты. Реттеушілердің айтуынша, осындай жағдайда шекті мөлшерлемені төмендету ипотекалық бағдарламалардың қысқаруына және тұрғын үй несиелерінің қолжетімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ЖТШС-ті есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуде. Жаңа тәсілде негізгі параметр ретінде кепілмен қамтамасыз ету коэффициенті (Loan-to-Value, LTV) ескерілмек. Бұл қарыз алушының бастапқы жарнасының көлемі мен тәуекел деңгейіне қарай пайыздық мөлшерлемелерді саралауға мүмкіндік береді.

Айжан Ермекқызы

«Ontystik Rabat» газеті, №1-2