Интерактивті тақта. Бұл — «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының қарабастаулық оқушыларға тартқан сыйы. Арнайы оқу құралы бұған дейін компьютер сыныбы болмаған №99 мектеп-гимназиясы үшін үлкен сый болып отыр.
Осылайша «Батыр шапағаты», Түркияның «Халықтар достығын нығайтқаны үшін» медалінің иегері, қарабастаулық Олжабай Сүйерқұлов ақсақалдың атындағы жаңа интерактивті сынып ашылды.
Бұл сыйлыққа Қарабастаудағы №99 мектеп-гимназиясының оқушылары қатты қуанды. Жомарттық жасаған «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы бағасы 500 мың теңге болатын интерактивті тақтаны мектеп ұжымына сыйға тартты.
Бұл мектеп-гимназияда 1766 оқушы білім алады. Аталмыш білім ордасы оқушыларының сапалы білім алуы үшін «Петро Қазақстан» компаниясы оқу ордасына жыл сайын демеушілік жасаймыз дейді.
Айта кетейік, аталмыш мектеп осыдан 4 жыл бұрын қалалық білім бөлімінің балансына алынған. О басты 919 балаға шақталса да мұнда 1766 оқушы бар. Келер жылы мектеп кеңейтіліп жаңа ғимаратқа қоныс теппек.
Айжан Ермекқызы