Достық — қазақстандықтардың ұраны! Оның даңғыл жолын Елбасының өзі салып берген. Тұңғыш Президент күні мерекесін тойлауды бастап кеткен оңтүстікқазақстандықтар дәл осы достық тақырыбын ту етіп отыр. Қазақстан халқы ассамблеясында өткен алғашқы концертті өзбек мәдени орталығы ұйымдастырып, Президентке құрмет көрсетті.
Мемлекеттік мерекелердің бірі саналатын Тұңғыш Президент күнін өзбек ағайындарымыз да ұмыт қалдырған жоқ. Олар Елбасына деген құрметін ерекше өнерлері арқылы білдіргісі келіпті. Бүгінгі таңда еліміздегі 138 ұлт өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі дана көшбасшымыздың еңбегі дейді олар.
Сахнада түрлі этнос өкілдерінің әндері шырқалып билері биленді. 38 өнерпаз өнер көрсеткен концертте көрермендердің көңіл-күйі ерекше көтеріңкі болды. Олар әншілермен қосыла ән шырқап, тіпті, залда шыр айнала билеп, әдемі кештің көркін ашты.
Мәдени кеште көңілді тапқырлар клубының мүшелері де өз өнерлерін паш етті. Олар жиналған қауымды әдемі әзілдерімен күлкіге қарық қылды. Осылайша бұл кеш те өз деңгейінде өтті. Айта өтейік, алдағы уақытта облыстық өзбек драма театры гастрольдік сапармен Қызылорда облысына баруды жоспарлап отыр.
Жанерке Хұмар