Шымкенттегі 220 көшеге атау беріледі

515
Шымкент көшелеріне жаңа атау беріледі

Шаһардағы 220 көшеге атау беріледі, ал 73 көшенің атауы қайта қаралады. Сондай-ақ, осы күнге дейін 28 шағынауданның заңдастырылмаған атауы заңды түрде қайта тіркеледі. Осындай ұсыныс жасаған қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бүгін қоғамдық тыңдау өткізді.

«Атамның аты ауылға, көкемнің аты көшеге берілсін» деген пиғылдан арылатын кез келді. Қоғамдық тыңдауға келгендердің пікірінше, көшелерге болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні бар атаулар берілуі тиіс. Әсіресе, кісі есімдерін беруде тұлғаның тек қала, облыс шеңберіне танымалдығы ғана емес, елге қосқан елеулі үлесі бары таңдалуы шарт. Мысалы қаладағы ең үлкен көше саналатын Арғынбеков, Адырбеков көшелерінің атауын қайта қарау қажет дейді жиналғандар. Осындай ұсыныстарды түртіп алған ономастика комисиясының құрамын күшейтіп, ғалым-тарихшыларды кіргізу қажет десті.

Шымкенттегі 220 көшеге атау беріледі

Кейінге кезде көшеге жаппай беріліп жүрген жер-су атауларын да мағынасына қарай таңдау шарт. Қариялар, сондай-ақ, шымкенттіктердің санасына сіңіп бара жатқан «Шымкенсити», «Фронт-офис» деген атаулардан арылу қажеттігін көтерді. Өз тілімізде әдемі синонимін тауып, тілге тез жатталатын атауды ұсынды. Зиялыларды атауы қайталанатын көшелер жайы да мазалайды. Ең бастысы, қандай атау қойылса да көше тұрғындарымен санасу керек деп шешті.

Жиын қортындысында атау берілетін және өзгеретін 307 көшенің атауы жеке-жеке қайта талқыға түсетін болып тарқасты. Себебі бүгін көпшілікке ұсынылған жобада кемшіліктер жеткілікті. Жиналғандар шағынаудандардың шекарасын белгілеу де күн тәртібіндегі мәселе екенін тілге тиек етті. Жауаптылар әр шағынауданның картасы жасалуы тиіс деп шешті.

Нұрлан Күдерұлы