Шымкенттің жасыл аймағына жеміс ағаштары егілуде

689
Шымкенттің жасыл аймағына жеміс ағаштары егілуде

Енді Шымкентте көкөніс бауы көбейеді. Қала аумағындағы жасыл желектің көшеттерін күзгі толықтыру жұмыстары басталған. «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесі 400 гектар алқаптағы жерсінбеген көшеттердің орнына жаңаларын қайта егеді. Одан бөлек биыл мәдени екпе жұмыстарын да қатар алып жүрмек.

Жоспарланған 6 мың түп алма ағашының көшеті Қазығұртағы тұқымбақтан жеткізілген. Оны жерсіндіруді көздеген «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары көшеттерді ерекше тәсілмен егіп жатыр. Айтуларынша, саннан бұрын сапа маңызды, егілген әр ағаш көктемде желкілдеп өнуі тиіс. Алдағы жоспарда алма, алмұрт, сарыөрік, жаңғақ ағаштарының көшеттері егіледі. Барлығы – 16 мың түп жеміс ағашы.

Шымкенттің жасыл аймағына жеміс ағаштары егілуде

2009 жылдан бері қала сыртындағы 5 мың 64 гектар алқапқа түрлі ағаш сұрпы отырғызылған. Енді бұл аймақ тағы 3 мың гектарға ұлғаюы мүмкін. Осы бағытта жер телімінің құжаттары рәсімделуде. Ал егілген көшеттерді суару мәселесі толығымен шешімін тауыпты.

Жасыратыны жоқ, алғашқы кезде жасыл желек аймағына тек қарағаш, үйеңкі және терек секілді жеміс бермейтін ағаш түрлері отырғызылса, енді жеміс ағаштарына да көңіл бөліне бастады. Өткен жылы егілген мәдени екпені есептегенде жемісті баудың аумағы 100 гектарға жуықтапты. Сала мамандары алдағы 1-2 жылда еңбектерінің жемісін де көреміз деп қуанып отыр.

Нұрлан Күдерұлы