Шымкентте заңсыз жасалған тауарлар анықталды

482
Шымкентте заңсыз жасалған тауарлар анықталды

Айлакерлерден қулық артылар емес. Шымкентте заңсыз жолмен өнім өндіріп, әйгілі сауда белгілерінің атын жамылғандардың жолы кесілді. Жыл басынан бері облыста осындай 15 дерек тіркелген. Ал әділет органының өкілдері көлеңкелі бизнеспен белсене күресуге заңнамадағы түйткілдер тосқауыл болуда деп отыр.

Жарнамасы жер жаратын «Фейри», «Белизна» сауда белгілерін заңсыз пайдаланып, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндердің жолы кесілді. Сырт қарағанда бұл тауарлардың тұпнұсқадан еш айырмасы жоқтай көрінеді. Алайда жапсырмадағы кей жазбалар мен таңбаларға мән бере қарасаңыз, пысықайлардың шалалығын байқау қиын емес дейді мамандар.

Жуырда әйгілі «Пионер» ұнының тауар белгісі де айлакерлерге майшелпек бола жаздапты. Арнайы қаптамаларға салынған күмәнді сұрыпты ұн жасырын қоймадан табылған. Пысықайлардың жолын кескен әділет органының өкілдері заң бұзушыларды айыппұлға тартыпты. Айта кетейік, жыл басынан өңірде тауар таңбаларын заңсыз пайдалануға қатысты 15 іс қаралған. Бір млн. теңгеден астам айыппұл салынып, 1200 дана өнім тәркіленіпті.

Шымкентте заңсыз жасалған тауарлар анықталды

Күмәнді тауарлардың дені көбіне сауда-саттық орындарынан анықталған. Әділет органының өкілдері әйгілі маркаларды жамылып, көл-көсір пайдаға кенелгісі келетіндермен күрес жүргізуге қауқарсыз екендерін де жасырмайды. Кәсіпкерлер құқын қорғауға қатысты кей заңнамаларда қаралғандай, мамандар нысандарды ескертусіз тексере алмайды. Бұл өз кезегінде айлкерлердің әрекетін әшкерелеуге қолбайлау болуда.

Мақпал Рысбаева