Úı ANONS «Базарда заңсыз тауарлар көп»

«Базарда заңсыз тауарлар көп»

Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында бірқатар басқарма басшылары жылдық жұмыстарын қорытындылады. Бұл жолы кеңес мүшелері базардағы қолжетімді тауарлардың заңсыз сатылып жатқандығын алға тартты. Айтуларынша, өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ таңбалау талаптары мүлдем сақталмаған. Жауапты басқарма басшысы бұл мәселені қалай шешпек? 

Қоғамдық кеңеста алғашқылардың бірі болып, Абай ауданының әкімі есеп берді. Ол аудандағы атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспраларымен таныстырды. Оның айтуынша, ауыз су, жарық, жол мәселесі түгел шешілген. Десе де, кеңес мүшелері әкімнің сөзіне күмән келтіргендей…

Әлде шын мәнінде жолаяқтар мен асфальттың ойдым-ойдым шұңқырлары шаршатты ма екен? Әйтеуір жол, қоқысқа қатысты сұрау салды. Басшы да қарап қалмады. Шұңқыр болса, жамап, тозығы жетсе, реттеу үшін өтінім беріп қойғанын жеткізді.

«Жолдың сапасын қалай бақылауға болады? Жылда жамай береді ме?».

СҰЛТАНХАН ШӘКІР, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Үлкен магистралды көшелерді біз жасамадық. Ішкі орам көшелерді жасадық. Биыл бізде тозығы жеткен көшелерге өтінім бердік. Транспорт басқармасымен. Не шұңқырларды, не ауысу жұмыстарын бастаймыз».

Мұнан соң, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының басшысы шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Есеп барысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері мен индустриялық аймақтардың дамуы сөз болды.

Алайда, есеппен жіті танысқан кеңес мүшелері базардағы заңсыз сатылып жатқан тауарлардың мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, мұндай әр елден келетін заттар көпшілікке қолжетімді. Сондықтан, зияны көп деп отыр.

ЮРИЙ ПАН, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ: «Қаладағы көптеген базарларда мемлекеттік сауда саясаты туралы сөз де жоқ. Бұл базарлардағы заңсыз сатылатын тауарлар.  Біздің базарларда тола. Мысалы үшін мынау Ресей. Пепси Иран. Шоколад Өзбекстан, сабын Қытай. Темекі Дубай. Ешқандай заңмен тәртіп деген базарда жоқ».

БІРЖАН ӘЗІМБЕРДИЕВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНСДУСТРИАЛДЫ -ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Сауда саясаты деген тиісті министрліктен үш функцияға беріліп жатыр. Қаулыны әзірлеп біткен соң, сіздерден жұмысшы топ құрылып, бірге жұмыс атқарсақ деп отырмыз. Орынды бұл мәселе».

Бұдан бөлек, жиында спорт басқармасының басышысы есеп берді. Ол бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және өңір спортшыларының жетістіктерімен бөлісіп, сыннан сүрінбей өтті. Себебі есебі бірауыздан қолдау тапты.

Ал, табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департамент басшысы коммуналдық қызметтер тарифтерін бақылауда ұстап, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқардық десе де, сұрау астында қалды. Сондықтан, баяндамасы назарға алынғанымен жауапсыз қалған сұрақтары үшін тағы да есеп бермек.

Нұргүл Жолымбетова