«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы «катастрофаға» ұшырады

1016

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы драматург Сая Қасымбек:

– «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телесериалына байланысты сұхбат өрбітсек деп отырмыз. 6 сериясын да көріп шықтыңыз ба?
– Осы сериал ең алғаш эфирге шыққанда бас жағын көргенімде 20 минуттан кейін жүйкем шыдамай, өшіріп тастаған болатынмын. Бүгінгі қоғамның мәдениетке, өнерге шет қарамайтындығы осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кезінде дәлелденді десек болады. Бәрі дүр көтеріліп, бұл қойылымды алдырып тастады. Не себепті? Телеарнаға құлшыну басталды әдебиет, өнер адамдарының. Сол кезде қайтадан қарап шығуға мәжбүр болдым. Бұл жерде ең басты қателік бүгінгі заманға, қоғамға психологиясын сәйкестендіріп түсіремін деп ойлау арқылы негізгі бағыт біздің ұлттық құндылығымыздан алшақтап қалғаны болып отыр. Мысалы, қазақтың, тек қана қазақтың ғана емес,кез-келген ұлтты қарасаңыз ару қыз, сұлу деген кезде өздерінің қиялында сомдап алған ай келбетті ару қызы бар. Ал батыр десек кез-келген сәтте Отан үшін, жер үшін, халық үшін жауға шабатын батыры бар. Міне, осындай қалыптасқан құндылықтарды, дәстүрлі көзқарасты ескермегендігі болып отыр. Бәлки, режиссердің көзқарасын алатын болсақ, со замандағы Баяндардың, Қозылардың қарекеттері солай болуы мүмкін, бірақ бізге ғасырлардан сүзіліп, сарапталып жеткен дәстүрлі ұғым бар ғой. Ол – қыздың әкенің бетінен алмауы, анасымен сырласып отырған кезде анасынан асып түсіп ақыл айтпауы. Анасынан тәлім, тәрбие алып отырған қыз анасын үйретуі және дөрекі сөйлеуі. Бұл жердегі мәселе тілінде болып тұр. Сценарийстердің бірі Әнес Бағдат қаламгер, жақсы драматург еді. Бұлай болғанына таңырқанып отырмын. Жалпы жобаның өзінің талабы осындай болды ма екен? Оны да зерттеу керек. «Қысқа болсын, бүгінгі күнді келтіріп көрсет» деген сияқты. Басты рольді сомдаған акртирасаға да көптеген мін айтылып жатыр. Мен ол қызды да аяймын. Оның жазығы жоқ. Ол пәрмені жеткенінше ойнап жатыр. Бірақ ол халықтың санасына сіңген Баня сұлуға келмей тұр.

– Басты кейіпкер Баян сұлуды сомдаған актрисаның ойыны халықтың басым бөлігінің көңілінен шыпады. «Баянды дұрыс таңдамады» деген пікір көп айтылып жатыр. Қозының ролін ойнаған әртіске де көп сын деп айтылуда…
– Бұл жерде Қозы бұқпантайлап біресе шымылдықтың артына тығылады, біресе аттың бауырына тығылады жүрген бір бейшара. Баян «аты қошақан» деп айтты ғой. Тура сол қошақан. Кері әсер етіп отыр. Жасырыну, тығылу .. біздің санамызға сіңген Қозы мұндай емес. Ол қажет жерінде «жаным арымның садағасы» дейтін жігіт. Бұл жерде бәрі керісінше. Бұл жерде режиссер дәстүрді идеяның арқауы етіп ұстауды ойламаған-ау деймін. Конфуцийдан патша сұрапты: «Ұлтты жою үшін не істеу керек?» дегенде ол «дәстүрін жою керек» депті… Мұнда дәстүрдің сақталынбағандығымен фильм «катастрофаға» ұшырады.

Гүлжан Көшерова