Өнім өндіруге ғана емес, оны шетелге экспорттауға да жол ашылады

350

Аймақтық инвестициялық орталық жобаларды қаржылындырып қана қана қоймай, жергілікті жерде өндірілген тауарларды шетел нарығына шығаруға да қолдау көрсетеді. Бүгін Шымкентте өткен жиында өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру жолдары қарастырылды.

Күнгейдің экспорттық әлеуеті зор. Десе де отандық тауарларды шетел нарығына емін-еркін саудалау үшін қайтпек керек? Жеке кәсіпкерлер мен банк өкілдері, ауыл шаруашылығы саласы мамандары осы сауалға жауап іздеді. Үздік жобаларды қаржыландырумен айналысатын аймақтық инвестиция орталығы бұдан былай жергілікті тауарларды Қытай, Ресей елдеріне экспорттау үшін күш салуды көздеп отыр.

Жергілікті ғалымдардың сөзіне қарағанда күнгейдің аптап ыстығында піскен жеміс-жидек, көкөністер шығыс елінен асып келіп жатқан тауарлардан әлдеқайда құнарлы. Сондықтан да, бұл өнімдер қайта өңдеуге сұранып тұр дейді мамандар. Демек, осы бағыттағы кооперативтерге қолдауды арттыру керек.

Ал ауыл шаруашылығы коопертив өкілдері шаруалардың әлі де қолдауға зәру екенін айтады. Жұмысты жеделдетіп еңбек өнімділігін арттыратын техникалар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдіктер қарастырылса дейді олар.

Жаһандық бәсекеге қабілетті ортада бизнесті құруға жастарды жұмылдыру да жемісті болады дейді тараптар. Бұл ретте олар ақылды ақпараттық технологияны жіті меңгерген буынға зор үміт артады.