4 басқарма қоғамдық қабылдау өткізді

481

Бүгін облыс әкімдігінің басқарма басшылары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Өңірдегі қордаланған мәселелердің түйінін тарқатып, халыққа мейлінше қолайлы жағдай жасауды тапсырған өңір басшысының тапсырмасы тиімді орындалып келеді.

Қоғамдық қабылдауға Кәсіпкерлік, индустриалды инновациялық даму, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары қатысты. Аудандардан арнайы келген тұрғындар шаруашылықты жүргізу, несие алу, медициналық қолдау сияқты мәселелерді көтерді.

Бақыт Орынбасарова қоғамдық қабылдауға Ордабасы ауданынан арнайы келіпті. 14 жасар науқас қызына жедел түрде дәрі қажет. Қымбат дәрі-дәрмекті сатып алуға көпбалалы ананың шамасы жоқ. Сондықтан да қолдауды денсаулық сақтау басқармасы және нұротандықтардан сұрап жүр.

Қабылдауда көпбалалы ананың мәселесімен танысқан денсаулық сақтау басқармасы және «НұрОтан» партиясы облыстық филиалының өкілдері көмек беруге уәде етті.

Бауыржан Қуанышбеков, «НұрОтан» партиясының ОҚОФ төрағасының орынбасары: «Мәслихатқа шығамыз қаржы бөлу үшін, оны күтпеу үшін тағы кәсіпкерлердің көмегіне жүгінеміз».

Қазығұрт ауданының тұрғыны Бақытжан Өсербаев әйелі босанған перинатальдық аурухана дәрігерлерінің салғырттығына арызданып келіпті. Қайғыға душар болған отағасы нәрестесінің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.

Бұл мәселені денсаулық сақтау басқармасы бақылауға алды. Мән жайды жіті тексеріп, қорытындысымен арыз берушіні таныстырамыз деп сендірді. Ал Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылының тұрғыны Сарагүл Назарова жеке басының емес жерлестерінің аманатын арқалап келіпті. «Малмен айналысатын 700-ге жуық отбасына жабдықталған медициналық тірек қажет», – дейді «Алтын алқа» иегері.

Ақ жаулықты ананың да мәселесі назардан тыс қалмайтын болды. Айта кететін жәйт денсаулық сақтау басқармасынан бөлек қоғамдық қабылдауды бұл жолы облыстық спорт, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармаларының басшылары жүргізді.

Былтыр көшбасшы партия ұйымдастырған қоғамдық қабылдауда 11 мыңнан астам азамат қабылданған. Олардың басым бөлігі шешімін тауып, 4 мыңнан астам азаматқа түсініктеме кеңес берілген. 50 арыз-шағым бойынша жұмыс жүргізілуде. Нұротандықтардың жасаған талдауы бойынша арыздардың 28 пайызы әлеуметтік мәселеге, 17 пайызы баспана, жер мәселесі, жұмысқа орналасу. Елдімекендегі инфроқұрылым мәселесімен шағымданғандардың үлесі 17 пайызды құрапты.

Шынар Оразова