Асылжан Жамалбековке іздеу жарияланды

697

Шымкентте мәслихат депутатының ұлы, жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбековке іздеу жарияланды, – деп хабарлайды time.kz Жас «шенеунік» қыс айында жұмыссыздарды қолдауға арналған мемлекеттен бөлінген 430 миллион теңгені ұрлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істен қашып, ізін суытқан.

Жамалбековтер әулеті шенеуніктер отбасы сынды, бір бауыры аудандық әкімдікте, енді бірі құқық қорғау органдарында қызмет атқарады. Ал отағасы яғни, әкесі облыстық мәслихаттың депутаты.
«Қоғамдық жұмыс орындары» бағдарламасына мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты талан таражға салу фактісі тіркелгендігін арнайы брифингте Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің бөлім басшысы Арман Есенбаев айтқан болатын.

Жарты миллиардқа жуық қаржыны жымқырған қылмыстық топта мемлекеттік орган қызметкерлері, жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысы барлығы белгілі болған. Бірінші күдікті қолға түскенде одан 88 мөр, ондаған чек кітапшалары, 200 пластик карталары тәркіленіп алынған. Аталған карталарға ақша аударылып отырған.

Бір қызығы, жұмыспен қамту орталығындағы қитұрқылықтар 3 тамызда белгілі болған болса, 2 тамыз күні мұнда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келген болатын. Сол кездегі басшы Асылбек Жамалбековтің өзі орталықтың жұмысымен министрді таныстырған болатын. Ондағы суреттерді А.Жамалбеков Фейсбуктегі парақшасына мақтанышпен жариялаған екен. Өзінің жеке пайымдары мен пікірлерін әлеуметтік желілерге жүктеп отырған.

Бұрынғы жас шенеунік бүгінде ұшты күйлі жоқ. Ешқандай сыбыс та жоқ. Мүмкін демалуға аттанған болар. Ізкесушілер экс-шенеунікті өздері іздеп таппақ болған екен, ақыр аяғында іздеу жариялауға мәжбүр болыпты. Бүгінде ОҚО-дағы барлық полиция бөлімдеріне А. Жамалбековтың суреті жіберілген. Қылмыстық істің қалай аяқталарын тергеу анықтайтын болады.

Михаил Козачков