«Патриот» жезөкше…

439

Бүгінде «шоулатып» кеткеніміз рас. Шоу бағдарлама жасауда кей арналар қамшы салдырмайтын болды. Қай арнаны ашсаңыз да шу-шу етіп шуласып жатқан бір жұрт. Талқылап жатқан тақырыбы салмақты, салиқалы болса мейлі ғой. Майда-шүйде, ауыл аймақтың кішігірім мәселесінен ары аспайтын әңгіме. Соны телеарнаның төріне шығарып, елді тілбезерге телмірткеніне мәз біреулер…

Жуырда телеарналардың бірі бүгінгі күні әбден таптаурын болған тақырып жезөкшелікті нысана етіп алыпты. Бас кейіпкер бетіне маска киген «көне кәсіп иесі». Өзінің осы жолға қалай түскенін, қалай табыс тапқанын, осы арқылы қалай байығанын мақтанышпен, лепірме тонмен баяндап шықты.

Тіпті шетелге де шыққанын, ондағы клиенттердің «щедрый» екенін, біздікілердің «жадный» екенін де айтты. Ұялып отырған жоқ, мақтанып отыр. Басына ақ жаулық салған көрермен бір апамыз хабар біткенше жердан басын көтерген жоқ. Жан-жақтан шабуыл жасап, бұл тірлігінің дұрыс еместігін бетіне басқандарға пысқырған да жоқ. Тіпті бір күнде, кейде бір сағатта 100 мың теңге табатынын да жайып салды.

Қып-қызыл жарнама. Санасы толыспаған кей жас қыздарға «еден жуып, айына 30 мың теңге тапқанша осы жолға түс» дегенді меңзеп тұрғандай. Әрине, азғындықтың жолына түскен жанды ешкім де бетінен қайтара алмас. Алайда біздің қоғам қыздары өздерінің жезөкшелігін айтып мақтанатын жағдайға қалай жетті? Оған рейтинг қуған арналар су тегін жарнама жасап беріп отырса.

Сонымен шетелге шыққан арсыз қызымыз «мен өзімнің қандастарымның сондай бейшара жағдайда өмір сүріп жатқанына жаным ашиды. Шетелде бәрі бай, 1000 долларды ақша санамайды. Тұрмыстары керемет, біздегідей төмен емес… 10 мың теңгені ақша санап, дірілдеп өмір сүріп отырғандарға жаным ашиды…» деді. Оған жүргізуші онда сіз «патриот» жезөкше болдыңыз ғой» деген еді, анау одан сайын лепірсін…
Махамбеттің заманы болса, жезөкшелердің басын алып, есекке теріс мінгізіп қоя берер еді… Абайдың заманы болса, аттың жалына, түйенің қомына салып өлтірер еді. Әттең!… Кейде білектің күші мен қылыштың жүзі арқылы шешілген сол замандарды аңсайсың да… Бірақ, әттең…

Рухани өре… туралы айтпай-ақ қояйық… «Имандылық тәрбие» атты программа миына орнатылмаған бүгінгі кей жас буынның теріс жолдан бетін қалай бері бұрамыз? Жауабы жоқ сансыз сауал…

Жан