Зейнетақыдағы өзгерістер

1410

1 қаңтардан бастап қарттар ынтымақты зейнетақысы – 8 %, ал базалық зейнетақысы – 6 % көбейген зейнетақысын ала бастады. Зейнетақы мен жәрдемақының көбейгендігі жаңа жылдың басты жаңалығы екені рас. Алайда зейнетақы жүйесінде бұдан да басқа өзгерістер жетіп артылады. Мәселен, зейнет жасына жеткендер құрметті демалыстың «құрметіне» ие болу үшін тағы жарты жыл жұмыс істеуге тура келеді. Зейнетке шығу деңгейі әйелдер мен еркектердің зейнет жасы 63 жасқа теңелмейінше, 2027-ші жылға дейін біртіндеп ұзарады.

Зейнеткерлікке кімдер ерте шыға алады?

1. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар әлеуметтік қорғалады. 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрған 45 жастағы әйелдер;
2. 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер;
3. Зейнетақы аннуитетін иеленуі жағдайында зейнетақы жинақтарының жеткілікті 50 жастағы адамдар.

Аннуитет дегеніміз не? Түсінік бере кетелік? Ол – өмірді сақтандыру жөніндегі компанияға салынған тұрақты салымдар. Маржан Жолымбетованың айтуынша, шарт жасасу арқылы ерлер 55 жасқа және әйелдер 50/55 жасқа толғанда зейнетке шыға алады. Бірақ, ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болуы керек.

Тағы не өзгереді?

Биылдың тағы бір «жаңалығы» бүгінге дейін базалық зейнетақы еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бірдей беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеледі.
Базалық зейнетақы дегеніміз – еңбек өтілі мен табысы болмаған күннің өзінде зейнет жасына жеткендерге тағайындалатын қаржы. Осыған дейін зейнеткерлердің барлығына бірдей мөлшерде базалық зейнетақы тағайындалды. Ал енді жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасы ескеріліп, 1998 жылдың қаңтарына дейінгі де, кейінгі де еңбек өтілі есепке алынып, алты пайызға өседі. Яғни, егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек тәжірибесі 10 жылдан төмен болса, онда бұл көрсеткіш базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құрайды. Бұл сомма – 15 274 теңгеге тең. Керісінше еңбек тәжірибесі 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға өсіп отырады. Ал 33 жылдан жоғары болса, зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрап, одан асырылмайды. Осылайша базалық зейнетақы 1 шілдеден бастап – 28 274 теңгеге тең болады.

Ынтымақты зейнетақыны тағайындау неге негізделеді?
Мамандардың сөзіне сенсек, ынтымақты зейнетақыны тағайындау үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Себебі, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Осы қорға жалақының 10 пайызы міндетті түрде аударылады. Бұл – зейнетақы жарнасы. Осы деңгей «ынтымақты» деп аталады. Кемінде алты ай еңбек өтілі бар болса, республикалық бюджеттен ынтымақты зейнетақы бөлінеді екен.

Несібелі Қаражанова, Әлеуметтік төлемдерді ведмствоаралық есептеу орталығының ОҚОФ директорының орынбасары:

Айлық есептік көрсеткіш пен күнкөріс шегінің өзгеруіне байланысты барлық төлемдер қайта есептеліп индекстелді. Жаңа жылдан бастап зейнетақы төлемдері – 8, әлеуметтік – төлемдер – 6, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер – 16 пайызға көтерілді. Бұдан бөлек аз қамтамасыз етілген және 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек те жаңа форматта тағайындалуда. Сондай-ақ, биылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы да біртіндеп 6 айға ұлғаяды. Ал 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдісі өзгереді. Бұл дегеніміз 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және осы жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жұмыс істеген жылдар да есептеліп, базалық зейнетақы қайта есептеледі.

Әбдімұрат Исабаев, БЖЗҚ ОҚОФ бөлім бастығы:

1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі 6 айлық еңбек өтілімі бар азаматтарға зейнетақы тағайындалады. Олар өз еңбек өтілімін еңбек кітапшаларымен дәлелдеп келген. Енді мемлекеттен тағайындалатын базалық зейнетақыны тағайындау жолдары өзгереді. Соған сәйкес, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілімі еңбек кітапшасы арқылы, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілімі БЖЗҚ аударылған жарналар арқылы дәлелдейді. Ал қорда қанша қаржының бар екенін білу үшін БЖЗҚ келіп, өтініш жазу керек. Содан кейін орталықтарға келмей-ақ, менеджерлерден үзіндіні сұрамай-ақ, үйде отырып, ұялы телефон не компьютер арқылы қордағы салым мөлшерін білуге мүмкіндік бар.

3 түрлі зейнетақы алады
Биыл тіпті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін төлемді есептеу тәртібі де өзгереді. Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке шыққан азаматтар БЖЗҚ жинақталған қаржыны бұрынғыдай бірден емес, ай сайын жас ерекшелігіне қарай бекітілген кестеге сәйкес алады. Егер де салымшылардың қордағы қаржысы – 404 940 теңгеге жетпесе азаматтар өтініш жазу арқылы қаржысын бірден ала алады, ал бұл соммадан асқан барлық қаржы коэфицентке сәйкес ай сайын төленеді. Осылайша биылдан бастап зейнетке шыққан зейнеткерлер базалық зейнетақы, ынтымақты зейнетақы және қор есебінен 3 түрлі зейнетақы алып отырады.
Зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мамандар БЖЗҚ дер кезінде жүгіну қажеттігін ескертеді. Қажетті құжаттар мен талаптары туралы толық ақпарат мекеменің ресми www.enpf.kz сайтында жарияланған. Сондай-ақ байланыс орталығының 1418 телефонына хабарласып анықтауға да болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ