Жанар-жағар майға қатаң қадағалау керек. Себебі, отандық өнімдер сыртқы нарыққа шықса, елде мұнай өнімдерінің жетіспеушілігі орын алуы мүмкін. Бұл дифицит бағаның шарықтап өсуіне әсер етеді дейді сарапшылар.
Өткен жылдың соңына қарай сан рет құбылған жанар-жағармай нырығындағы ахуал қазір тұрақты. Сарапшылар былтырғы желтоқсандағы бағамен салыстырғанда сұранысқа ие АИ 92 маркалы бензин 7-8 теңгеге, дизель отыны 5-6 теңгеге төмендеді деп сендіреді.
Қыс айларында жанар-жағармайға деген сұраныстың азая түсетіні жылдағы жағдай. Мәселен, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында күнгей жұртшылығы 60-65 мың тонна өнімді місе тұтса, жазда 70-75 мың тоннаның жанар-жағармайын жұмсайды екен. Күзде 65-70 мың тонна, көктем айларында да осынша көлемде бензин мен дизельді отын тұтынылады. Қазір жанар-жағармай қоры жеткілікті деп сендіреді саладағылар. Тек кей пысықайлар көрші елдердегі нарыққа қызығып, стратегиялық тауарды шетелге асырып жібермесе игі деңіз.
Қазір өңірдегі ірі доминанттарда АИ 92 маркалы бензин 158-160 теңге, дизельді отын — 157-156 теңгеге сатылып жатыр. Алайда, импортқа тәуелділік болмағанда, бағалардың әлдеқайда арзан болуы бек мүмкін еді дейді сарапшылар. Жыл соңына дейін жөндеуге жабылған мұнай зауыттары толықтай іске қосылса, отандық нарықты өз өнімдерімізбен қамту мүмкіндігіміз арта түсетіні белгілі жәйт. Алайда, бензин мен дизельді отынның бағасы төмендеуі мүмкін деуге әлі ерте.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облысқа жыл сайын орташа есеппен 800 мың тонна жанар жағармай қажет екен.Тұтынылып жатқан өнімдерінің 30 пайызы Ресей, Әзірбайжан, Беларусь елдерінен келіп жатыр. Десе де салаға жауаптылар жанар-жағармай бағасы арзандамаса да биыл тапшы болмайтынына сенімді.
Мақпал Рысбаева