Анимациялық фильмдер апталығы басталды

743

Қазығұрт ауданында Оңтүстікте түсірілген көркем және анимациялық фильмдер апталығы басталды. Іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дайындалған «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмі мен 2016 жылы облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Ерлік» көркем фильмінің көрсетілімімен бастау алды.

Фильмдер апталығының мақсаты – Оңтүстікте соның ішінде «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің шығармашылық тобы түсірген жас ұрпаққа өз елінің батырларын, туған елінің киелі жерлерін, ұлттық салт-дәстүрін дәріптейтін анимациялық, көркем фильмдерді көрсету.

Және жасөспірімдердің туған елге деген патриоттық сезімін ояту, бірлікке, тапқырлыққа тәрбиелей отырып, жаңарған жас ұрпақтың рухани санасын жаңғыртуға үлес қосу болмақ. Айта кетейік бұл жоба жыл соңына дейін барлық аудан қалаларда жалғасатын болады.

Батырхан Дәуренбеков, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры: 

«Біздің халқымыз Қазығұрт тауын бұрыннан киелі санайды.«Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған», – деген эпикалық жыр тек бізде бар. Сондықтан біз оны насихаттауымыз керек. Осы жыл киелі жерлерді насихаттау жылы болғандықтан, біз жұмыс жасауымыз керек. Біз бұл іс-шараны облыс көлемінде өткізіп жатырмыз. Қазығұртта 10 күннің көлемінде облысымыздан шыққан кино өнімдерін көрсетеміз. Соның алғашқысын осы «Киелі Қазығұрт» атты анимациялық фильмінен бастадық. Бұл фильмде балаларға түсінікті тілмен Қазығұрттың басында кеме қалай қалғаны жайлы аңызды жеткіземіз».