«Ата-аналар тіл мүкістігіне мән бермейді…»

715

Бүгін «Отбасы» бағдарламасында қонақта Шымкент қалалық №9 емхананың лор-дәрігері Руслан Сейдуалиев және логопед-дәрігер Әйгерім Қойшыбекова:

– Бүгінде балалардың тілі кешеуілдеп шығып жатыр. Ата-аналар көбіне тіл мүкістігіне мән бермейді. Бала сөйлемесе, кешеуілдесе қай дәрігерге қарату керек?
Әйгерім Қойшыбекова:
– Бүгінде балалардың әріптерді дұрыс айтпауы көп. Үш жастан жеті жас аралығында әріптерді дұрыс айтпайды. «Еркеліктен ғой», «өзімнің балам ғой» деп мән бермей жүре береді. 7 жастан кейін бала әріптерді дұрыс айтпаса тез арада дәрігерге апаруы керек.
– Алдымен логопедке апаруы керек пе, әлде невропатологқа ма?
– Бірінші логопедке апаруы керек. Дәрігер тексеріп, қажет деп тапқан жағдайда невропатологқа жолдама береді. Көбінесе балалар р, ш, ж әріптерін айта алмайды. Біз алдымен жіті тексереміз. Балалар арасында дислалия көп кездеседі. Бала 4 жасқа дейін мама, папа, су, бер дегенді айта алуы керек. Егер ол сөздерді де айтпаса онда тез арада дәрігерге қарату керек.
– Мүлде баланың тілі шықпаған жағдайлар да болады…
Руслан Сейдуалиев:
– Бұл жағдай көбіне баланың дыбысты, сөзді естімеуінен болады. Құлағы естімегендіктен жауап қатпайды. Бала кейбір дыбыстарға мән бермейді. Оны кейде 5-6 айлығында байқап жатады. Лор дәрігеріне кешіктіріп алып келеді.
– Құлақтың естімеуі неден болуы мүмкін?
– Тұқымқуалаудан, инфекциялық аурудың салдарынан болуы да мүмкін. Жүктілік кезінің үш айлығында яғни, есіту қабілеті дамып келе жатқанда инфекциялық аурулар да әсер етеді. Анатомиялық дефектілер болуы мүмкін. Отитпен ауырса келешекте естімей қалуы да ғажап емес.
– Лор дәрігеріне тағы қандай диагнозбен келеді?
– Жырық ерін, таңдайы жоқ, қоянжырық ауруымен қаралады. Мұндай жағдайда сөйлеу бұзылыстары пайда болады. Логопедпен бірге жұмыс істейміз. Осы аурулардың салдарынан мұрнымен маңқаланып сөйлейтін болады. Сондықтан да қандай жағдай болғанда да дәрігерге жедел қарату қажет.