Білім саласы сыбайлас жемқорлықтан көз аша алмай келеді

562

Білім саласы сыбайлас жемқорлықтан көз аша алмай келеді. «Бармақ басты көз қысты» әрекеттер әсіресе білім ұйымдарына жұмысқа тұру кезінде жиі ұшырасады.Бүгін облыстық әкімдікте өткен келелі отырыста саладағы осындай былықтар талқыға түсті.

Қорқыту үшін емес, сақтық үшін ұсынылған бұл роликтегі мысалдарда білім беру ұйымдарына әлдекімдерді жұмысқа орналастыру үшін пара талап еткен пысықайлардың әрекеті әшкере болған. Айналасы бір жыл ішінде өңірдің білім саласында жемқорлыққа қатысты 157 қылмыс орын алып, 90-нан астам іс сотқа жеткен.

Жауаптылар өңірдің білім саласындағы былықтары бүгінде Елбасы назарына іліккенін жасырмады. Енді тиісті департамент қызметкерлері мұндай кемшіліктерді кері байланыс жүйесін іске қосу арқылы шешеміз деп отыр.

Министрлік бекіткен талап бойынша мектеп басшылары әр бес жыл сайын тестілеуден өтуі тиіс екен. Алайда, бұл ережеге жергілікті директорлар шекеден қарап отыр дейді департаменттегілер. Десе де білім-біліктілігінен бұрын пара алуға келгенде біздікілер бір-бірін басып озатын болып шықты. Жауаптылар бүгін олардың атын-атап, түсін түстеп берді.

Дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тұсау болатын цифрландыру әдісінің өміршеңдігін қамтитын уақыт жетті. Алайда әккілердің қулығы құрық бойлатпай тұрған бүгінгідей кезеңде бұл әдістердің де тиімділігі шамалы болып тұр.