Үкімет басшысы күнгейге жасаған сапары барысында жастармен кездесті. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылады. Әсіресе, Елбасының жастарға жасап жатқан саясаты аясында атқарылып жатқан істермен танысты. Оның тындырымды болуын, жастар, өздері қадағалауы керек екендігін де айтты.
Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық институтының жатақханасын аралып көрді. Ондағы жасалған жағдайға жақсы деген баға берді. «Қазір көрдік, жатақхана керемет. Оңтүстікте екі университет жатақханамен толық қамтылған. Жатақханаға қажеттілік жоқ. Жақсы жұмыс жасалған. Бірақ, тағы да 10 университет бар ғой. Одан бөлек колледждер бар. Ондағы жастарымыз не істеуі керек? Екі-үшеуден пәтер жалдайды. Одан да мынандай жатақхана болса, оның әке-шешесі де уайымсыз болады. Жатақханада оқуынан бөлек, қаншама үйірме бар. Көшеде сандалып жүрген жоқ, осы жерде қолөнері бар, басқасы бар, уақытын тиімді өткізеді»- деп қосты.
Сол себепті де жастарды жатақханамен қамту мәселесін тездетіп шешуді тапсырды. Айтуынша, жер әкімдік есебінен беріледі. Және бұл мәселе екі айда шешімін табуы қажет. Ал қаржы қайдан түседі, механизмі қалай болады деп бас қатырудың қажеті жоқ, барлығы есептелген деді. Ал жастарға өздеріне жасалатын жағдайды жіті бақылауда ұстау керектігін айтты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі: «Сіздер ректорларыңызға айтуыңыз керек: «Елбасы тапсырды, Елбасының тапсырмасын сіз қалай орындап жатырсыз, қай жерде біздің жатақхана соғылайын деп жатыр, көрсетіңізші, қай көшеде? Біздің корпустан алыс па, жақын ба? Кім соғады, оның сапасы қандай болады?» деп. Оны сіздер, жастар бақылауларыңыз керек».
Сондай-ақ, мамандық таңдаудағы талаптың өзгергенін баса жеткізді. Бір кездерде сән болған кеденші мен заңгерге қазір сұраныс жоқ. Сондықтан да болашақтың мамандығын иемденген жөн деді.
«Әрбір жас алып жатқан мамандығы болашаққа сай ма, болашаққа бейімбіз бе деп ойланғаны абзал. Өйткені өмір өте жылдам өзгеріп жатыр. Көзді ашып жұмғанша, бұрын 50 жылда ел жаңа дейтін, қазір 50 жыл күтіп отыратын заман жоқ. Ары кетсе, бес жылда өзгеріп жатыр. Жылда өзгеріп жатыр. Кеше болған нәрсе бүгін ескіріп қалып жатыр. Оны қолдарыңызда жүрген смартфоннан-ақ көріп отырсыздар»- деді.
«Оңтүстіктегі барлық ЖОО мен колледждердің 70 пайызы гуманитарлық сала, тек 30 пайызы қалған техникалық мамандықтар дайындайды. Ал бүгінгі біздің өмір технология, тек қана. Ертең қалай өмір сүресіздер? Біз айтып отырған жаңа мамандыққа бейімделу үшін, қайтадан 4-5 жыл оқисыз ба? Уақытыңыз өтіп кетті, артыңыздан жастар келеді» — деп кездесуді түйіндеді.