Судьялар сайысқа түсті

562

Оңтүстіктің судьялары өзара мықтыларды анықтады. Құқықтық конкурс байқауына қатысқан сот өкілдері сахнада ән айтып, би билеп заңдарды қаншалықты меңгергенін дәлелдеп, сайысқа түсті. Өңірде алғаш рет өткізілген конкурсқа үш команда қатысты. Сот өкілдері сайыс талаптарына қатысты сұрақтарға жауап беруге барынша тырысты.

Қазылар алқасының алдына бірінші болып «Спецназ» тобы шықты. Көреремендердің көңілін бірден баураған бұл топ мамандандырылған соттың өкілдері. Жұмыс барысында көбіне аса ауыр қылымыстық істерді қарайтын судьялар. Ал «Спецназ» деген атауды не үшін таңдағаны қазылар алқасына түсініксіз болды. Ең бастысы, «ол қазақ тілінде де емес», деген төрешілер конкурстың қатысушыларын бірден сынға алды.

Құқық саласы мамандарының тапқырлығы мен білімі сарапқа салынған конкурсқа үш команда қатысты. Олар ауданаралық, мамандандырылған және тәжірибеден өтіп жатқан болашақ судьялар. Әдетте мұндай құқықтық конкурс республика деңгейінде өткізілетін. Биыл мұндай байқауды облыс көлемінде де ұйымдастыру қолға алыныпты. Өңірдегі сайысты Оңтүстік судьялары бірінші болып бастады.

Қабыл Дүйсенби, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: » Бұл сайыстың мақсаты – судьялардың біліктілігін арттыру. Жеті жарғы жолын жалғастыру. Даулы мәселерді шешуге көмектесу. Шешендік сөзге үйрету. Үш топтан құралған үш команда өзара сайысып жатыр».

Сайыстың нәтижесі бойынша «Қара қылды қақ жарған» команда жеңімпаз атанды. Бұл – судьялыққа үміткерлер тобы. Яғни, сынақ мерзімінде жүрген қызметкерлер. Ал, екінші орында «Спецназ» командасы, үшінші орынды аудандық деңгейдегі судьялар еншіледі.

Лаура Нақыпқызы