Теміржол маңындағы қауіпсіздік түсіндірілді

1078

Теміржол аумақтарында орын алатын оқыс оқиғалар азаймай тұр. Мысалы, 2017 жылы 12 адамды пойыз қағу оқиғасы тіркелді, оның ішінде 10 адам оқиға орнында қаза тауып, 2 адам емханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, мерт болғандардың арасында 2 және 4 жасар балалар да бар. Ал биыл жыл басынан бері 3 адамды пойыз қағып кету оқиғасы тіркелген.

Осы орайда Шымкент қалалық әкімдігі тұрғындарға теміржол аумағында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Жуырда әкімдік қызметкерлері Шымкент арқылы өтетін теміржолға жақын орналасқан Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл және Көкбұлақ тұрғын алаптарының, Өрнек көшесінің тұрғындарымен кездесті. Қауіпсіздік туралы түсіндірді.

Айта кету керек, осы аумақтардағы тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болып саналады. Теміржолға жақын жерден мал жиі өтетіндіктен, 2014 жылы үй жануарларының жолға шығып кетуінің алдын алу мақсатында қоршау қойылған.

Дегенмен, тұрғындар қоршаудың сымын қиып, малды теміржол бойына жақын жерде жаюды және белгіленбеген жерлерден айдап өтуді азайтар емес. Бұған қоса үй жануарларын теміржол бекеті маңында қараусыз қалдырып кету оқиғалары да тыйылған жоқ.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Шымкент қалалық әкімдік қызметкерлері тұрғындармен кездесу барысында теміржол аумағында жүріп-тұратын азаматтардың қауіпсіздік ережесімен таныстырды. Сондай-ақ, теміржол маңындағы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі мен тазалықты сақтау да ескертілді.

shymkent.gov.kz