Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған флешмоб өтті

1078

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай оңтүстікте елді берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа үндейтін іс-шаралар сән-салтанатымен аталып өтуде. Мереке қарсаңында Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының алдында флешмоб ұйымдастырды.

Жастар бейбітшілік пен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін түрлі қимыл-қозғалыстар арқылы дәріптеуді көздепті. Сондай-ақ, салтанатты шарада жас домбырашылар бір мезетте «Сарыарқа» күйін орындап, «Қазақ батырлары» биін билейді. Әр этностың биі қамтылған папури көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік жиында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ бастышы Ербол Байқонақов пен Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңызына кеңінен тоқталады.

Іс-шараның соңында флэшмобқа қатысушы жастар еліміздегі татулық пен бейбітшіліктің нышаны ретінде көкке шар ұшырды.

Айта кету карек, Ұлыстың ұйытқысына баланған Оңтүстік Қазақстан облысында жүзден астам этнос өкілдері жарасты ғұмыр кешіп, ортақ шаңырағымызды көркейтуге үлес қосып келеді

Ынты¬мағын – ырысқа, бірлігін – берекеге теңеген өлкемізде 20 этномәдени бірлестік пен олардың 51 аудандық, қалалық филиалы жұмыс істейді.