Балмұздақ оқиғасы: кәсіпкердің арнайы рұқсат қағазы болмаған

910

188 адамның улануына сеп болған балмұздақ сататын кәсіпкердің арнайы рұқсат қағазы болмаған. Қызметкерлерінің тек біреуінде ғана медициналық құжаты бар. Арнайы тексеруден өткізілген 12 қызметкердің 2-де салмоноллез инфекциясына күдікті. Ал балмұздақтан ұшынған 188 науқастың 28-де салмонеллез ауруы расталған.

Қалғандарының талдаулары сарапталынып жатыр. Ұшынған 188-дің 101-і ересектер, 39-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 48-і жасөспірімдер. Бүгінде ауруханада 89 науқас ем домын жалғастырып жатыр. Ресми мәлімдеме жасауға асықпаған жауапты мекеме басшылары бүгін тілшілердің басын қосып, елдің назарын аудартқан мәселе туралы брифинг өткізді.

Оңтүстіктің ғана емес, елдің назарын аудартқан «Южное» киоскісі қанша уақыттан бері балмұздақ сатып келгенін нақты ешкім білмейді. Тергеу анықтауы тиіс екен. Арнайы рұқсат қағазын алуды құп көрмеген кәсіпкерлік нысанның 25 өнімінің 24-де салмонеллез анықталған.

Нұрбек Нышанов, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы: «Балмұздақ Коммунизм елдімекеніндегі өз үйінде дайындалып, «Южное» деп аталатын дүңгіршекке жеткізіліп отырған. Санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмай, полиэтилен пакеттерде тасымалданған. Рұқсат қағаздарынан тек мерзімі өтіп кеткен құрғақ сүтке алынған құжатты көрсетті. Дезинфекциялық режим сақталмаған…»

Балмұздақтан ұшынғандардың хал жағдайын біліп, елге нақты мәлімет тарату үшін кешеден бері БАҚ өкілдері нақты мәлімет іздеп шарқ ұрды. «Отырар» телеарнасына аурухана бас дәрігері берген науқастардың жалпы саны туралы ақпаратты жауаптылар күні бойы ресми растауға асыққан жоқ. Тіпті теріске шығарғысы келгендей сыңай танытты. Бұл сауалға облыстың бас дәрігерінің жауабы да дайын.

Мұқан Егізбаев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ешкім ақпаратты жасырған жоқ. Біз ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, нақты мәліметтер дайындадық. Арнайы талдаулар жасалды…»

Айттпақшы, ОҚО Кәсіпкерлер Палатасы өкілдері бүгінгі басқосуда төбе көрсетті. Шымкентте 50 – ден астам балмұздақ сататын орын тіркелген деген олар арнайы жұмыс тобын құрып, нақты іске көшіпті.

 Облыс көлемінде де, Шымкентте де құймалы балмұздақ сататын кейбір дүңгіршектердің жабылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Арнайы тексеру құқы болмағандықтан, жауаптылар алдын алу, түсіндіру жұмыстарын қолға алған.