Ордабасы ауданында кино апталығы өтуде

493
ОҚО Мәдениет басқармасы

Ордабасы ауданындағы мәдениет сарайында ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының қолдауымен, «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен кино апталығы бастауын алды. Онда өңірімізде түсірілген көркем және анимациялық фильмдер көрсетілетін болады.

«Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасының бастау алуымен Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Омарбеков Бауыржан Бақытұлы құттықтау сөзбен ашып беріп, анимациялық фильмдердің бала тәрбиесі мен танымын кеңейтуге, елін, жерін құрметтеуге баулуда маңызы зор екендігін жеткізді.

Күнгей өлкенің тарихы мен қадір-қасиетін насихаттауға арналған шарада Ордабасы аудандық Мәдениет үйінің «Жігіттер» триосы «Ордабасы» әнін орындап, қазақтың биі бас қосқан мәңгілік мекеннің маңызын асқақтатты.

Жиын барысында балалар мен аудан тұрғындары «САҚ» киностудиясы түсірген «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Көне құмыраның сыры» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» көркем фильмін тамашалады.
Апта көлемінде Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет үйлері мен клубтарда өңірімізде түсірілген көркем және анимациялық фильмдер ел назарына ұсынылатын болады.

Кино апталықтың ашылу салтанатына аудандық мәдениет қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар және ауыл тұрғындары, сонымен қатар, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясының өкілдері қатысты.

М.Сабыр