Отырарлықтардың биыл ағын судан тапшылық көруі мүмкін бе?

684

Былтыр тасқыннан әбігер болған отырарлықтар биыл ағын судан тапшылық көруі мүмкін бе? Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов атқарылған шаруаларды қорытып есеп берді. Аудан басшысы шаруаларға дер кезінде ағын су жеткізіп беру үшін барын салып жатқанын айтты. Айтаханов мырза бұл мәселенің селектор деңгейінде көтермесек, ертең кеш болуы мүмкін деп отыр.

Отырарлықтардың негізгі күн көрісі – егіншілік. Ауданда жылдан жылға суармалы жер көлемі артып келеді. Былтыр 757 гектарға жуық жаңадан суармалы жер қосылып, 315 гектардан астам жердің сумен қамтылуы жақсарды дейді аудан басшысы. Алайда, ағын су мәселесіне келгенде әлі де алаңдаушылық бар сыңайлы. Айтаханов мырза бұл қауіптің бетін қазір қайтармасақ, ертең қолды кеш сермейміз дейді.

Сансыз баптар мекенінде бүгінде құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр. Екі қабатты 12 пәтерлік 4 қызметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылы өзге де елдімекендерден осындай 7 баспана салу жоспарда бар дейді аудан басшысы. Биыл ауданда газдандыру жұмыстары да жанданып, Шәуілдір, Темір елдімекендері халқының көгілдір отынға қол жеткзітен күні де алыс емес.

Аудан басшысының сөзіне қарағанда былтыр табысты жыл болғанға ұқсайды. Бюджеттік кіріс жоспары ойдағыдай орындалып, отырарлықтар мемлекеттік бағдарламаларды да еңсерген. Мал, егін шаруашылығынан аудан алдына қара оздырмай тұр.