Төле би ауданы толықтай табиғи газбен қамтылмақ

682

Төлеби ауданында тындырымды тірлік көп. Кем-кетік те жоқ емес. Таулы ауданнның тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен шаруаларын дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта Қытайға ет экспорттауды жоспарлауда. Бұл мал шаруашылығын дамытуға серпін берері сөзсіз. Дегенмен ауданда зауыт ашылмайды. Ірі өндіріс орнын салу үшін шикізат көзі жоқ дейді аудан басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Шыбық шаншысаң шынар болып шығатын таулы ауданда 2020 жылға қарай қарқынды алма бауының көлемін 124 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ағын су және таза ауыз су мәселесі де шешімін тауып келеді. Ол үшін «Қарақуыс» және «Ақбастау» су тоғандары іске қосылмақ. Ал тау баурайын жағалай қоныстанған ауылдардың барлығы да 2019-2021 жыл аралығында толықтай табиғи газдың игілігін көретін болады. Ауданда шағын кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Нәтижесінде жұмыссыздық мәселесінің түйінін тарқатуға септеспек.

Бұхарбай Парманов, Төлеби ауданы әкімі: «Ауданда ірілі, ұсақты цехтар бар. «Балмұздақ» ЖШС-і шоколод цехын, «Ақ кен» серіктестігі саумалмен емдейтін 200 орындық лагер салып жатыр. Ол жерде адамдарды жұмыспен қамтып жатырмыз. Қосымша балабақшалар ашылуда. Шағын кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамту шаралары жүргізілуде».

Ауданда 3 776 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың алдыңғы легінде «Ақсу қуат» ЖШС баламалы электрқуатын өндіру станциясы бар… Аудан орталығы Ленгір қаласындағы ауыз су жүйелерінің мәселесі біраз дауға тамызық болғаны бар кезінде. Сотта мәселесі бір емес бірнеше мәрте қаралған болатын. Аудан әкімі бұл мәселені орағытып өткен жоқ.

Бұхарбай Парманов, Төле би ауданының әкімі: «Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп ол жерлерді ретке келтіріп, бүгінгі күні 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен де кемшіліктер бар. Оның барлығы мердігер мекеменің есебінен жөнделіп жатыр. Мердігер мекеменің 5 жылдық кепілдігі бар. Сол кепілдік арқылы қажетті құрал жабдықтармен қамтылып, жұмыстар жүргізілуде».

Жеткен жетістікті жіпке тізгендей етіп баяндап берген Бұхарбай Парманов таулы ауданда алда атқарылар шаруалары да шашетектен екенін тілге тиек етті. Мақтаулы ауданның бұл орайда қамшы салдырмасы анық. Өйткені аудан тізгіні білікті басшының қолында.

Гүлжан Көшерова