«Жеңгем – сырласым» байқауы өтті

741
Сарыағаш ауданы әкімдігінің Facebook парақшасынан

Сарыағаш ауданындағы Арыстанбаб колледжінде «Жеңгем – сырласым» атты сайыс ұйымдастырылды. Қазақы дәстүр салтымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп болды.

Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы татулық, сырластық, келіннің ата-енеге деген құрметі, қайын, қайынсіңлілеріне ат қоюы сынды салт дәстүрімізді дәріптеу байқаудың басты мақсатының бірі болатын. Байқаудың басты мақсаты орындалғандай да. Сайыстың негізгі шарты бойынша жеңгесі мен қайынсіңлі екеуі бірігіп ұлттық тағам дайындап, салт дәстүр туралы сұрақтарға жауап беріп сынға түсті. Жұп болып өз өнерлерін ортаға салды.

Бұрын соңды мұндай байқау ұйымдастырылмағандықтан өте қызықты өтті. Сайысты тамашалаушылар әр жұптың өнерлерін жоғары бағалады. Жеңгенің өнегесін көрген қыздың тәрбиесіз болмайтындығын бұл сайыс дәлелдеп бергендей болды. Алдағы уақытта аталмыш колледж ұжымы ұмыт қалған салт дәстүрлеріміздің бойына қан жүгіртуді мақсат тұтып отыр.