«Астана және Түркістан» сурет байқауының жеңімпаздары анықталды

922
Фото "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-мұражайы

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінде жас суретшілердің «Астана және Түркістан» тақырыбында сурет салу байқауы өтті. Қылқалам шеберлерінің додасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Байқауға қалалық мектеп оқушылары мен университет студенттері қатысты.
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ОҚО суретшілер одағы филиалының төрағасы Шилібаев Нұрлан, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің «Бейнелеу өнері» кафедрасының профессоры, п.ғ.д., Ералин Қуандық, «Бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы Шаханбаев Мұрат қазылық еткен байқауда балалар салған суреттердегі көркемдік үйлесім, бояу таңдау әдісі және тақырыптарды кеңінен аша білуімен қатар, ой ұшқырлығы да назарға алынды.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 10-12 жас аралығында іріктелген жас суретшілер арасынан Бас жүлдені Алдияр Досов, бірінші орынды Қожамұхамед Арман, екінші орынды Нұрислам Наурызбай, үшінші орынды Шәуен Дастан иеленді.

13-16 жас аралығындағы суретшілер арасынан Бас жүлдеге Амантур Ерасыл, бірінші орынға Әлия Ементай, екінші орынға Камола Жуманова, үшінші орынға Арай Мұхаммед лайық деп танылды. Студенттер арасынан Бас жүлдені Убайдуллаева Зилола, бірінші орынды Роза Ешметова, екінші орынды Есенқұл Назерке, үшінші орынды Тажиметова Шахнура қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, Бас жүлдеге 50 мың теңге, бірінші орынға 30 мың теңге, екінші орынға 20 мың теңге, үшінші орынға 10 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталып, алғыс хатпен және бағалы сыйлықтар табысталды.