Қарнақ ауылындағы «Шаммат-Ишан» мұражайына 2 ғасыр толып отыр

1562
Қарнақ ауылындағы "Шаммат-Ишан" мұражайы

Көне Қарнақ ауылы тарихи ескерткіштерге  толы. «Шаммат-Ишан» мұражайының тарихы  әр адамға ой салады.

Ғимарат ХVIII ғасырдың соңында, 1789 жылы халықтың сауатын ашу мақсатында іргетасы қаланған. Осындағы экскурсоводтардың айтуынша Шаммат-Ишан діни білімін  әкесінен үйреніп, жетілдірген. Ол өте көреген, зиялы адам болған. Сондықтан да жергілікті ұсталардың көмегімен мешіт-медресе құрылысын бастайды. Ғимарат құрылысы бірнеше кезеңнен тұрған. Алғаш бұл жер мазар, мешіт, ал кейіннен медресе болып құрылған. 1789 жылы кіші сарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады.

Кіші ақсарайдың астындағы хилует

Тухтамурад Абсадиков, эксурсовод: «Кіші сарайдың ішінде  хилует бар. Жаздың ыстық күнінде сол хилуетте Аллаға құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт ролін атқарумен қатар шәкірттер  осында сауатын ашқан. Үлкен ақсарайдың іші шығыстық сәулет өнері пайдаланылып безендірілген.

Үлкен ақсарайдың төбесі шығыс елдерінің сәулет өнері өрнектерімен безендірілген

1890 жылдары айван мен қосымша сауат ашу бөлмелері салына бастады. 1896 жылы жалпы ғимарат құрылысы толығымен аяқталады. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Ал 1982 жылдары  ғимарат қараусыз  қалады. Экскурсоводтың әңгімесі бізді қатты қызықтырды. Біз оның әрбір сөзіне құлақ асып,  мәліметтерді қағаз бетіне түсіруге асықтық.

Тухтамурад Абсадиков, эксурсовод: «Өткен ғасырдың 80 жылдарының басында Қарнақ ауылының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі Бекташ Мирзаев жәрігерлерді жинауды қолға алады.  Ол кісі  өмірін өзі туып өскен аулында халықтық  мұражай ашып, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақты тәрбиелеуді  армандады. Жазғы демалыста Бекташ аға оқушылардан  археологиялық  топ құрып, ежелгі қалашық орнында қазба жұмыстарын жүргізетін».

2005 жылы мұражай болып ашылғаннан кейін, 2009 жылдан бастап үкіметтің қаулысына сәйкес «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Қазір мұражайдың жалпы алаңы 320 шаршы метрді құрайды. Мұражай 29 бөлмеден тұрады. Бүгінгі күнге жеткен құнды дүниелердің басым бөлігі орта ғасырлар және жаңа кезең тарихынан сыр шертеді.