Донорға мұқтаж

1373

100 ота. Шымкенттік дәрігерлер бүйрек ауыстыру отасын жүзінші рет сәтті жасап шықты. Трансплантациялық ота Израильден келген 35 жастағы азаматқа жасалды. Бүйрек жетіспеушілігі диогнозымен бірнеше жылдан бері есепте тұрып келген науқасқа туысы бір бүйрегін беріпті.

organ donation

100 БҮЙРЕК, 16 БАУЫР АЛМАСТЫРЫЛҒАН…
Ағза мүшелерін ауыстыру операциясы Шымкентте 2013 жылы қолға алынды. Бүгінде Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында 100 бүйрек, 16 бауыр алмастырылған. Мұнда медициналық туризм аясында шетелдік науқастар да жиі ота жасатады екен. Атап айтсақ, Германия, Канада, Румыния, Израильден келген 8 азамат осында отаға кірген.
Дәрігерлердің айтуынша Еуропа елдеріндегі мұндай отаның құны 100 мың АҚШ доллары шамасында. Ал біздегі баға бірнеше есе төмен екен. Қызмет сапасы да жоғары. Сондықтан болар, шетелдіктер Шымкентке келіп, ота жасатуға үйір.
Әйткенмен шетелден келетін науқастарға қойылатын талап бар. Соның негізгісі – донор табу. Бұған қоса шетелдіктер барлық шығынын 100 пайыз төлеуі керек. Ал, Қазақстан Республикасының азаматтарына мұндай ота тегін жасалады. Егер ауру көрсеткіші бойынша есепте тұрса гемодиализ де тегін болады. Мәселен, биыл Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасына 13 бүйрек, 7 бауыр отасын жасауға квота да қарастырылыпты. Аурухана Бас дәрігерінің орынбасары Сәрсен Пернебековтың сөзіне қарағанда, емдеу мекемесі орган ауыстырумен айналысатын еліміздегі үшінші медициналық орталыққа жатады. Әуелде Кореяның тәжірибелі мамандарының нұсқауымен күрделі операцияны іске асырып үйренген жергілікті ақхалаттылар бүгінде мүше ауыстыру отасын ешкімнің көмегенсіз-ақ жасайды.

Сәрсен Пернебеков, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Елімізде ағза сату мен сатып алуға заң жүзінде тыйым салынған. Тек туыстық және мәйіттік донорлыққа рұқсат бар. Соның негізінде 2011 жылдан бері елімізде трансплантациялық ота қолға алына бастады. Ең алғашқы отаны корей дәрігерлерімен бірлесе жасадық. Кейін белоруссиялық мамандармен тәжірибе алмастық. Астана, Алматы қалаларының мықты оташылары да келіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз алыс және жақын шетелге барып біліктілігін арттырды. Әлі де оқып, тәжірибе жинақтауда. Нәтижесі көзге көрініп-ақ тұр. 3-4 жылдан бері отаны ешкімнің көмегінсіз өздері жасап жүр.

63 жастағы Бекен Төлешовтың ота үстелінен тұрғанына бір аптадай болған. 20 жылдан бері қант диабетімен ауырған оның осыдан 2 жыл бұрын бүйрегі сыр берген. Содан бері көрген қиындығын есіне алса, көзіне жас келеді. Айтуынша, аптасына 3 рет үзбей гемодиализ қабылдап жүрсе де, жағдайы күн санап нашарлай түскен. Донорлық кезектен үмітін үзген Бекен ағасының жағдайын көрген қарындасы оған өзінің бір бүйрегін беруге бел буыпты. Осылайша, қарындасы өлім мен өмір арасында қалған ағасына жаңа өмір сыйлады.

1 МӘЙІТТІК ДОНОР 8 АДАМДЫ ҚҰТҚАРАДЫ
Ағза мүшесіне мұқтаж жандардың күту парағында облыс бойынша 1200-ден астам адам есепте тұр. Олардың 700-іне бүйрек, 500-іне бауыр қажет. Аурухананың транспланталогия бөлімінің жетекшісі Абылай Әбжаппарұлының айтуынша, ағза алмастыру отасына кезекте тұрғандардың тізімі күн санап көбейіп жатыр.
Ал 30 жасар Айнұр есімді кейіпкеріміздің сол тізімде тұрғанына 1 жылдан асқан. Бойжеткенге бүйрек керек. Айтуынша, жастықтың демімен денсаулығына мән бермеген. Жылы киініп, күтінбеген. Салдарынан бүйрегі суықтапты. Алайда, ауруы асқынғанға дейін дәрігерге қаралмаған. Ал қаралған кезде тым кеш болыпты.

– Отбасында 4 жанбыз. Әкем, анам, мен және сіңлім. Менің қан тобым ІІІ(+). Әкемдікі ІІ(+). Менімен сәйкес келмейді. Анаммен және сіңліммен қан топтарымыз сәйкес келеді. Бірақ анамның жасы 50-ден асып кеткен. Оның үстіне жүрегі ауырады. Дәрігерлер «отаны көтере алмайды» дейді. Сіңлім – отбасылы. Екі перзенті бар. Кішкентайы әлі 1 жасқа да келген жоқ. Соларды аяққа тұрғызуы керек. Бір бүйрекпен жарымжан болып қалады. Сондықтан да оны мұндайға қимаймын,- дейді ол.

Айнұрдың айтуынша, 1 жылда кезегі еш жылжымаған. Енді ол: «Бәрін Жаратқанның қолына тапсырдым. Пешенеге жазылғанын көреміз» деп отыр.
Ал дәрігерлер: «Тізімді қысқартуға мәйіттік донорлықтың септігі тиер еді. Бірақ, халық оған әлі де дайын емес» дейді.

– Ағза ауыстыру процесі екі түрде жүзеге асады. Бірі – тірі, екіншісі – миы тоқтаған адамның органын алу арқылы. Бірінші жағдайда науқастың туыстары немесе басқа азаматтар донор бола алады. Екіншісінде – «миы өлген» деген диагноз қойған азаматтың туыстарының жазбаша рұқсатымен алынады. Қалай десек те екі жағдайда да реципие-нт пен донордың медициналық тұрғыдан сәйкестігіне көңіл бөлінетінін ұмытпаған абзал. Осы тұста айта кетейін, ауруханада жасалған ағза ауыстыру отасының тек 2-еуі ғана мәйіттік, қалғанында науқастың жақын туыстары донор болған. Дегенмен, бұл өмір ғой. Кейде реципиенттің жақын туысы болмай қалуы да мүмкін. Осындай жағдайда мәйіттік донорлықтың пайдасы тиер еді. Себебі, 1 мәйіт доноры 4-8 адамның өмірін аман алып қалады. Алайда, қайтыс болған науқастың туыстары бұдан қашады. Барлығы да дінде бұл туралы айтылмағандығын алға тартады, – дейді Абылай Әбжаппарұлы.

ДОНОР БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, ДОНОР БОЛҒЫМ…
Интернет сайттарында осындай хабарландырудан көз сүрінеді. Алайда ағза мүшесін сататын азаматтардың сұрайтын ақысын көпшіліктің қалтасы көтермейді.
«Бауырымның 40 пайызын сатамын. Қан тобым ІІ(+)». Бұл 27 жасар қызылордалық жігіттің хабарландыруы. Хабарландыруында денсаулығында кінәрат жоқ екенін жазыпты.
«Керек болса дәрігерлік тексеруден қайта өтуге дайынмын» деген оны әңгімеге тарттық. «Бауыры» үшін сұрап отырған сомасын төмендетуін өтіндік. Сөйлесе келе, жігіттің банк алдында 20 мың доллар қарызы бар екені белгілі болды. Сол қарызды өтеуі үшін 17 мың доллар керек екен. Ал қалғанын өзінің қажетіне жұмсамақ..
Донор болуға бел буғандардың қатарынан бұл қадамға шарасыздықтан барғандары көп. Мәселен, өзін «Алмаспын» деп таныстырған 45 жастағы ер азамат бір бүйрегін 10 миллион теңгеге бағалайды.
Мұндай қадамға не үшін барғанын сұрағанымызда, әйелі жол-көлік апатынан қайтыс болғанын, қолында қалған 5 жасар қызы мен 2 жасар ұлын аяққа тұрғызу үшін бүйрегін сататынын айтты. Айта кеткен жөн, елімізде ағза мүшелерін сату заңсыз әрекетке жататындықтан донорларға ешкім ешқандай кепілдік бермейді. Яғни, ақшасын ала алмай қалса немесе ота кезінде денсаулығына зиян келетін болса донордың құқықтарын қорғау мүмкін болмайды. Ал ағза мүшесін тегін берген донордың әрекеті заңды болып саналады.

Бүйрегін тегін берген


Мақаланы дайындау барысында ағза мүшесімен «бөліскісі» келетіндердің қатарынан жаны жомарт жандарды да кездестірдік. Солардың бірі – оралдық Абзал Әділов. Ол былтыр күзде 3 жылдан бері төсек тартып, гемодиализдің көмегімен өмір сүріп келген шымкенттік Жәмилә Байсеріковаға өзінің бір бүйрегін сыйлады. Ол бұл шешімі үшін еш өкінбейтінін айтады. Алайда, басқаға жақсылық жасаған Абзал Әділовтың қазіргі жағдайы мәз емес сияқты. Айтуынша, енді бұрынғыдай кез келген ауыр жұмысты істеп кете алмайды. Сондықтан да жұмыс таба алмай жүр.
– Жұмыс жағынан біраз қиындықтар туып тұр. Маған бір жылдай 5 келіден артық салмақ көтеруге болмайды. Сол үшін жеңіл жұмыс іздеп жүрмін. Мамандығым бойынша автокран басқарушымын. Жүргізуші куәлігім болғанымен тәжірибем жоқ. Еңбек биржасына күзетші болып орналасуды жоспарлап едім. Қазір бос орын болмай тұр. Жұбайым тәрбиеші болып жұмыс істейді. Қазір отбасымызды әйелім асырап отырғандықтан, ағамның үйінде тұрып жатырмыз,-дейді ол. Ол жақын күндері жұмыс тауып, еңбек ететініне сенеді.

Мұхамеджан Естеміров, ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары:
– Денеміз Алланың бізге берген аманаты. Оны қорлауға ешкімнің хақысы жоқ. Дініміздің үкімі бойынша «Бір адамның өліміне себепкер болу, бүкіл адамзатты өлтірумен тең». Міне, осыдан-ақ көп жайтты аңғаруға болатындай. Соған қоса дінімізде «Бір адамның өмірін құтқару, бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең» деп те айтылады. Бұл ретте, аса зәру жағдайда ғана адам ағзасын ауыстыруға рұқсат екендігін аңғарамыз. Яғни, дене мүшесін сатуға болмайды, тек сый ретінде беру құпталады. Әрине, ол үшін кейбір үкімдер мен шарттарға назар аударуға тиіспіз. Ең әуелі ағзасын беруші пенде жиырма бір жасқа толуы керек. Ғалымдар мен дәрігерлер бір ауыз-дан осылай бекіткен. Енді дініміздегі трансплантациялаудың шарттарын баяндайық. Донордың ауруына байланысты одан алынып тасталған мүшені трансплантациялауға рұқсат етіледі. Адам өмірі үшін маңызды болып саналатын жүректі трансплантациялауға тыйым салынады. Донор адам беріп тұрған мүшесіне өзі қатты мұқтаж болмауы керек. Дене мүшесін бергені үшін өзі донор іздейтін жағдайға жетпеуі қажет. Жыныстық мүшелерді ауыстыру, жасару үшін, алмастыру үлкен күнә болып саналады. Міне, Ислам ғалымдарының рұқсат етіп, тыйым салатын негізгі шарттары осы.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ