Келісімшартқа тұрып жұмыс істеуге өтініш білдірген 357 шетелдікке рұқсат берілді

263

Шардара ауданы аумағындағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауда бүгінгі таңда 120-дан астам полиция қызметкері еңбек етуде. Соның ішінде 6 полиция қызметкері аудандағы көші – қон тынысын жіті бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының баспасөз қызметі.

Шардара аудандық Ішкі істер бөлімінің көші –қон қызметі өкілдері аудан аумағында заңсыз көші –қонның алдын алу және болдырмау, сондай –ақ заңсыз көші –қонды ұйымдастыру дәйектерін анықтау мақсатында жұмыс пәрменділігін арттыру үшін үздіксіз жұмыстар атқарып келеді. Олар аудандағы елдімекендер мен Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекаралық аймақтарда орналасқан ауылдарға шетел азаматтарының келу, болу заңдылықтарын тексеру шараларын жүргізіп отырған.

Мәселен, 2018 жылдың 5 айында көші –қон полиция қызметкерлері аудан аумағында барлығы 71 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Соның ішінде ҚР – ның аумағына келу, болу және жүріп –тұру ережелерін бұзған барлығы 37 шетел азаматын әкімшілік жауапқа тартқан.

Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша 27 шетел және ҚР азаматтарына жалпы 442 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, бұл қаражат толығымен мемлекет қазынасына өндірілген.

Сонымен қатар, көші –қон қызметі өкілдерінің құзырына жататын мемлекетке борышкерлерді анықтау жұмыстары бойынша 2018 жылдың 5 айында 2 іздеу ісі жүргізілген. Нәтижесінде борышкер 2 азамат та табылған.

Ағымдағы жылдың 5 айында аудандық ІІБ –нің көші –қон тобына жергілікті азаматтармен келісімшартқа тұрып жұмыс істеуге өтініш білдірген 357 шетелдікке рұқсат берілген.