Түлкібастықтар ауданның 90 жылдық мерей тойын дүркіретіп атап өтті

1133
Түлкібас ауданының 90 жылдығына кішкентайлар да тарту жасады

Түлкібас ауданының 90 жылдығына арналған салтанатты шараға аудандағы елдімекендер мен ауыл тұрғындары көптеп қатысты. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған іс-шара тұрғындардың ұйымшыл екенін тағы бір дәлелдеді.

Машат ауылындағы мерекеге түлкібастықтар жұмыла атсалысыпты. Ауыл спортшылары мен өнерпаздар, әдеттегідей өте белсенді. Ақсақалдар жастардың мұнысына риза, оларды жігерлендіруге әрдайым дайынбыз, дейді масайрап.

Қолөнер көрмесі

Шәймерден Ториев, Машат ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Жастармен қоян-қолтық жұмыс  істеп келеміз. Халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсаруда. Рухани жаңғыру аясында ауылымызда, ауданда керемет іс шаралар ұйымдастырылуда. Қазір жастарымыз ауылда тұрақтауда. Спортпен айналысамын десе де жағдай жасалған. Бүгін, міне спорт кешенімізде үлкен мереке өтуде. Бұл жақсы нышан».

Көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға дәріптеген бұл шарада футбол, бокс, арқан тарту, жеңіл атлетика түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жүлде қоры да биыл қомақты! 2,5  млн. теңге! Демеушілік жасаған да осы ауылдың тумасы, халық қалаулысы, кәсіпкер азамат.

Мұхтар Сәрсеков, Машат ауылдық округінің әкімі:  «Машат ауылында аудан көлемінде мерекелік шара өтуде.  Машат ауылында туып өскен Өркен Есей, облыс мәслихатының депутаты спорт кешенін, бала бақша салуға ат салысты. Бүгін міне, әкесінің құрметіне ас беріп, ойын  өткізуде. Спорттың барлық түрінен ұл-қыздар сайысқа түсіп,  шеберліктерін көрсетеді. Осылайша, әрбір кәсіпкер өзінің  жерлестеріне жағдай жасаса, нұр үстіне нұр».

Спорт жарыстарынан бөлек өнер ұжымдары Астананың 20 жылдығы, Түлкібас ауданының 90 жылдық мерейтойларына өз тартуын жасады. Домбырада орындалған ән табиғаты керемет Машат ауылында асқақтап, жиналған қауымға  мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ынтымағы жарасқан елдің келешегі де жарқын. Рухани жаңғыру арқылы салт дәстүрімізді, тарихи құндылықтырамызды жаңғыртып, мемлекетіміздің тірегі -әрбір отбасындағы ұл-қызға саналы тәрбие берсек, асуларды алып, белестерді бағындырамыз, – дейді түлкібастықтар.