Тегін балмұздақ таратты

614
Мақтарал Ауданы Әкімдігі

Мақтарал ауданында тәрбиелі де, білімді ұрпақ өсіру – ең бірінші кезекте тұр. Мәселен, аудан бюджетінің 70 пайызы білім саласына бағытталса, дәл осы салада 10 мыңнан аса ұстаз қызмет етуде. Бүгін бұл туралы 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, -деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Мақталы өңірде соңғы жылдары бала саны күрт артып, облысымызда демографиялық көрсеткіштерімен көш бастап келеді. Мерекелік жиында сөз алған аудан басшысы балаларымыздың бақытты ғұмыр кешіп, олардың сапалы білім алуы үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек екенін атап өтті.

«Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауданымызда түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. Әрине, біздің болашағымыз – жас ұрпаққа берілген білім мен тәрбиеге байланысты екені белгілі. Осыған орай, білім саласын одан әрі дамытуға аса мән берілуі керек. Қадірлі жас достар! Сіздер біздің болашағымызсыздар! «Балалы үй – базар» демекші, біздің бар қызығымыз – Сіздерсіздер! Өмірде де, оқуда да озат болуларыңа тілектеспін. Жазғы демалысты керемет көңіл-күймен өткізіп, жаңа оқу жылына зор қуанышпен орала беріңдер. Бүгінгі мереке баршаларыңызға шуақты шаттық пен қуаныш сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, бейбіт өмір, амандық тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» – деді аудан басшысы.

Мерекелік іс-шарада мектеп оқушыларынан құралған өнер ұжымдары флешмоб билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Аудан әкімі Жамантай Қанайұлы мерекеге орай балаларға сый-сияпат жасап, 750 балмұздақты таратты.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда мектеп жасындағы балалар саны 69 мың 818 оқушыны құраса, мектепалды дайындық топтарында 6995 бала тәрбиеленуде. Ауданда өнерлі бүлдіршіндердің шығармашылығын шыңдайтын мектепішілік үйірмелер жұмыс істейді және онда 2 мыңға жуық оқушы түрлі дайындықтардан өтуде. Сондай-ақ, білім ұяларының да жетістігі көңіл қуантып отыр. Мырзашөл өңірінің өнерлі өрендері түрлі республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, ауданымыздың атын шығарып жүр.

Мақтарал ауданында «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі басты назарда тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында балабақша санын арттыру нәтижесінде қамту деңгейін алдағы 1 жылда 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, жыл сайын мектептердегі оқушылар саны артып келеді. Биылдың өзінде ауданымызда 9 мектептің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Алдағы 2 жылда ауданымызда 20-ға жуық мектеп ел игілігіне берілетін болады.