Астанада «Денис Тенді еске алайық» акциясы өтуде

467

Астанада «Денис Тенді еске алайық» акциясы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елорда тұрғындары Кенесары хан ескерткіші жанындағы Арбатқа гүлдер әкеліп, майшамдар жағуда.

Айта кетейік, алматылықтар да Денис Теннің қазасына ортақтасып, оны ұрылар пышақтаған жерге гүл шоқтарын қоюда. Келіп жатқан адамдар қарасы көбейе түсуде. Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бүгін түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.

Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.